ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ҚҰЛДЫРАМАЙДЫ
Жақында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Дала дидары» үгіт бригадасы «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы» тақырыбында концерт өткізді.
Шараның мақсаты айтулы мақаладан туындаған мақсат-міндеттерді халық арасында кеңінен насихаттау болып табылады. Ұлт мүддесі үшін рухани мәдениетімізді дамытып, ел ертеңін қалыптастыруда жүйелі жұмыс жасау көзделеді. Осы орайда, үгіт бригадасының мүшелері жаңғыру жолындағы жарқын жетістіктерді, болашағы айқын тындырымды тірліктерді көпшілік назарына таныстырды. Мақаланың өн бойынан туындайтын рухани құндылықтарымызды сақтау үшін жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Отбасында, жалпы көпшілік ортада жас ұрпақ бойына ұлтымыздың қастерлі салт-дәстүрін, тілін, ділін, дінін ұғындыру айрықша мәнге ие екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, бағдарламалық мақалада айтылған нақты бағыттарды жүзеге асыру тетіктерін нақты мысалға алды. Оның ішінде, латын қарпіне көшудің негізгі қағидаттары да қамтылды.
Концертте рухани мұраларымыз жайлы бейнероликтер көрсетіліп, аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап және ұлттық аспаптарда композициялар орындады.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ