Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ЖЕКЕ КІТАПХАНАСЫНДА ҚАНША КІТАП БАРЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ЖЕКЕ КІТАПХАНАСЫНДА ҚАНША КІТАП БАРЫН БІЛЕСІЗ БЕ?


Әрбір қаламгердің жеке кітапханасы болғаны баршамызға белгілі. Көрнекті драматург, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың да кітапханасын ең бай кітапханалардың біріне жатқызады.  Міне  сол мол мұра Сыр бойы оқырмандары үшін сыйға тартылып, жарты  миллионға  жуық  бай қоры бар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханадан  Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы  2015 жылы ашылған.  Кітапхана – кітаптан басталады десек,  мұндай тарту облыстық кітапхана  ұжымы үшін  баға жетпес құнды дүние болды.
         Қазіргі таңда   облыстық   кітапхана  қоры 8 мың данаға жуық  кітаппен толықты. Осы рухани азықтың шашауын шығармай, жоғалтпай жеткізген Қалтай ағаның жары Фарида Бекжанқызы мен ұрпақтары Жәмила мен Алтай Мұхамеджановтар.
    Қ.Мұхамеджанов кітапханасының қорында   белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің өзіндік қолтаңбаларымен  кітаптар бар. Сонымен қатар кітапханада жазушының көп жылдар бойы пайдаланған жеке заттары:  жазу үстелі, орындығы, жазу құралдары, ескерткіш жазулары бар кәдесыйлары, портреті қойылды.  Жазушының айтулы  мерейтойларында жер-жерден келген ақ тілекке толы құттықтау хаттар да осы жерден орын алған. Жазушы отбасының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар, белгілі қайраткерлермен, оқырмандармен түскен фотосуреттерімен  де танысуға болады. Құнды дүниелердің бірі - Елбасының жазушыға арнайы сыйға тартқан шапаны.  
    Қалтай Мұхамеджановтың жылдар бойы жинақтаған жазба байлығын кітапханаға табыстауы игілікті істердің бастамасы. Құнды әдебиеттер кітапхананың қорын толықтырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оларға білім беру саласындағы өлшеусіз үлес болып табылады.
    Қ.Мұхамеджанов қоғам қайраткері ретінде күрескерлік қабілетімен, жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі азаматтық болмысымен көрінді. Қаламгердің шығармалары көптеген шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды.
23 ақпан 2018 ж. 1 503 0