Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазушы шығармашылығы дәріптелді

Жазушы шығармашылығы дәріптелді


Жақында аудандық балалар кітапханасында сала ма­ман­дарының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» ат­ты жобасы аясында Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Бар жақсымыз балаға болсын» тақырыбында балалар жазушысы, журналист, әдебиеттанушы Нұрхан Жанаевтың 85 жылдығына орай өміржолы мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа дәріп­теу мақсатында ақын сағаты өткізілді. Шараға мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты.
Жас ұрпаққа жерлесіміздің тың туындыларын таныстырылып, шығармашылығын кеңінен насихаттау сала мамандарының мақсаты. Балалар әлеміне саяхат жасап, жан-жақты жанрлық тұрғыдан жетіле білген Нұрхан Жанаев Сыр жұртшылығына мол мұра қалдырған. Балалардың жан дүниесін ерекше сезініп, өзін сан қырлы екендігін байқатқан тұлға. Шара аясында оқырмандарға қаламгер жайлы кеңінен мағлұматтар берілді. «Балалар бағының бағбаны» атты кітап көрмесінде қаламгер ғұмырына шолу жасалды.
Мектеп оқушылары жерлесіміздің «Қазақстан», «Туған жерге», «Сырдария», «Ұстаз» , «Ана», «Ана тілі», «Балалық», «Шыбық ектік», «Тырналар», «Сағат» өлең-жырларын мәнерлеп жатқа оқыды. Сонымен қатар, «Өнерлі жігіт» аңызы негізінде сахналық көрініс қойылды. Балалар жерлесіміздің жаңылтпаштарын айтып, жұмбақтарына жауап берді. Өз кезегінде санамақ ойындары ойналып, қаламгер еңбектері бар жағынан қамтылды. Шығармашылыққа бейім жастар мектеп қабырғасында жүріп, Нұрхан Жанаевтың туындыларын біліп өскені қуантады. Рухани мәдениетімізді қалыптастырып, келер ұрпақтың санасын жаңғырту арқылы ұлттық болмысымызды сақтай аламыз.

Б.ОРДАБЕКОВ
13 ақпан 2018 ж. 1 389 0