Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің жаңа жылдық құттықтауы

Аудан әкімінің жаңа жылдық құттықтауы

Құрметті сырдариялықтар!

Баршаңызды Тәуелсіз елімізге, әр отбасыға қадам басқан Жаңа 2023 жылмен облыс әкімінің және өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – өткенді ой елегінен өткізіп, атқарылған жұмыс­тарды саралап, жаңа бағытқа бетбұрыс жасайтын ерекше мереке. Бұл күні адамдар бір-біріне игі тілектерін арнап, жылы ле­біздерін білдіреді.

Өткен 2022 жыл қазақ елі үшін айтулы оқиғалармен тұспа-тұс келді. Бұл жылда ел тұрғындары егемендік жылдардағы жет­кен жетістіктерді саралап, Жаңа Қазақстан қалыптастыру бағытына бет бұрды. Осының аясында кезектен тыс Президент­ сайлауы өтіп, қазақстандықтар өздерінің таңдауын жасады. Қазақстан Республикасының Президенті болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қайта сайланды. Жыл көлемінде Консти­туция­лық Заңдарға өзгерістер енгізу үшін ел тұрғындары референдум арқылы дауыс берді. Сол арқылы бірқатар заңдарға халықтың таңдауы арқылы өзгерістер енгізіліп, бүгінгі қоғам талабына сай жаңарды.

Әр жылдың өзіндік өрнегі бар. Өтіп бара жатқан жыл Сырдария ауданы үшін бірлік пен берекеге толы табысты жыл болды. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында көп­теген нәтижелі жұмыстар атқарылды, барлық маңызды салалар бойын­ша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Біз осы жылдың қорытындысымен аймақта «Үздік аудан» атандық. Бұл – ұтымды іске ұйыса білетін сырдариялықтардың бірлігі мен қажырлы еңбегінің арқасы. Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасын, аймақ басшысының бастамаларын орындау мақсатында кәсіпкерлік саласы кең өріс алды, елді мекендерде жолдар жөнделіп, халыққа жақсы жағдай жасалуда. Аудан халқының игілігі үшін атқарылатын ауқымды жұмыстар Жаңа жылда да жалғасын табады.

Қадірлі жерлестер!

Жаңа жыл мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толы болғай! Тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша аудан тұрғындарына бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілей­мін! Жаңа жыл құтты болсын!

Ізгі тілекпен, Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі
01 қаңтар 2023 ж. 597 0