Халыққа ант береді
Бүгінгі күн еліміз үшін маңызды. Себебі, Әділетті Қазақстан құру бағытын қалыптастырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екінші рет Президенттікке сайланып, соған байланысты Мемлекет басшысын Ұлықтау рәсімі өтеді.
Өздеріңізге белгілі, 2019 жылы 9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өткен болатын. Саяси науқанда президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған еді. Сол жылдың 12 маусымында ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті. Содан кейінгі кезеңде мемлекеттің ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттермен тығыз қарым-қатынасты жалғау, халықтың әл-ауқатын арттыру жұмыстарында тың бастамаларды жүзеге асырып, Әділетті, Жаңа Қазақстан құру идеясын ұсынды. Осы бойынша бүгінде елімізде жаңа саяси жаңғыру кезеңі жүріп жатыр.
Биылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбымен кезекті Жолдауын жолдады. Ел тұрғындарына арналған саяси құжатта Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Соған орай, 21 қыркүйекте Президент сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасына белгілеу туралы Мемлекет басшысының Жарлығы жария етілді.
Президенттікке үміткерлер тіркеліп, олар сайлауалды бағдарламаларын халық назарына ұсынды. Белгіленген күні саяси науқан өтіп, қазақстандықтар өз таңдауларын жасады. Заңдылық бойынша сайлау өткеннен кейінгі 2 күннен соң Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ведомство отырысында Қазақстанда өткен кезектен тыс Президент сайлауының соңғы қорытындыларын жариялады. Сайлау нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Және де Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының сайланған Президенті ретінде тіркеді.
Екінші мерзімге сайланған Президентті Ұлықтау рәсімі бүгін өткізіледі. Онда Мемлекет басшылығына кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант береді.
Айтулы іс-шараға Үкімет басшылары, депутаттар, өңірлерден делегаттар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері арнайы қатысады. Олардың қатарында ауданнан да бірқатар азамат қатысатынын айта кеткен жөн.
Ұлықтау трансляциясы республикалық телеарналардан, интернет-ресурстардан, сондай-ақ «Ақорданың» әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«ТТ» ақпарат