Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы


Құрметті сырдариялықтар!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – әрбір адамның жүрегіне жаңа үміттер мен ізгі армандар ұялататын ерекше мереке. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттағанды қалайды. Біз осынау мерейлі мереке қарсаңында қол жеткізген табыстарымызды үлкен мақтанышпен айтамыз.
Тәуелсіз елімізге толайым жетістіктер сыйлаған 2017 жылды Сырдария ауданы табысты қорытындылап отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен халқымыздың бірлігінің арқасында ХХІ ғасырда іргесі берік, беделі биік мемлекетке айналған Қазақ елі берекелі белестерді бағындырды. Алты Алаштың анасы болған Сыр елінде серпінді жұмыстар жүргізілді. Жасампаз жобалар жүзеге асып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артты.
Өтіп бара жатқан жылда ауданға 44,2 млрд.теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге артып отыр. Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарының көлемі бірнеше есеге ұлғайып, 12,7 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Шағын және орта бизнесті дамытуда оң динамика қалыптасты. Тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны бірнеше пайызға өсті. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, аудан ажары айшықтала түсті. Аудан бойынша 2017 жылы 32616 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, 20819 гектар күріштен 114565 тонна Сыр салысы жиналды. Сырдариялық 144 түлек мемлекеттік грант иегері атанып, Сырдария ауданы облыста ең жоғары көрсеткішке көтерілді. Бұл аудан үшін үлкен жетістік. Келесі жылы да жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.
Қадірлі жерлестер!
Келер жыл өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толы болмақ. Лайым, ойымыздағы арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін. Отанымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша азаматтарға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін. Жаңа жыл үлкен үміт, шаттық пен қуаныштың жылы болсын! Әрбір күніміз жақсылыққа, қуанышқа, шаттыққа және бақытқа толы болсын! Жаңа 2018 жыл құтты болсын!
Құрметпен,
Ғанибек Қазантаев,
Сырдария ауданының әкімі
31 желтоқсан 2017 ж. 2 908 0