Аудан әкімінің құттықтауы
Сіздерді қолға алған бастамаларымыз бен жоспарларымыз толық жүзеге асқан 2019 жылдың жемісті қорытындылануымен және келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – өткенді ой елегінен өткізіп, атқарылған жұмыстарды саралап, жаңа бағытқа бетбұрыс жасайтын ерекше мереке. Бұл күні адамдар бір-біріне игі тілектерін арнап, жылы лебіздерін білдіреді. Көпшілік қауым Жаңа жылға таза ниетпен, мол сеніммен қадам басқанды қалайды. Сондықтан бұл мейрам адамдардың ой-санасында ізгілік пен мейірбандықтың, жаңалық пен жасампаздықтың бастауы ретінде қалыптасқан.
Тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болған 2019 жыл санаулы сәттерден кейін тарих қойнауына енеді. Бұл жылы дамудың даңғыл жолына түскен егемен елімізде тұрғындардың әлеуетін арттыруға бағытталған іргелі істер атқарылды. Нәтижелі жұмыстарға бірлігі бекем, тірлігі көркем сырдариялықтар да өзіндік үлесін қосты. Яғни, аудан халқының өткен жылға өкпесі жоқ. Табалдырығымыздан аттаған Жаңа жылдан күтетін үмітіміз де көп. Сол себепті өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күтеміз.
Әр жылдың өзіндік өрнегі бар. 2019 жыл Сырдария ауданы үшін бірлік пен берекеге толы табысты жыл болды. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылды. Барлық маңызды салалар бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Аудан халқының игілігі үшін атқарылатын ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Ардақты ағайын!
Еліміздегі татулық пен келісімді көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің ең басты міндетіміз. Жаңа 2020 жылға аяқ баса отырып, ең басты байлығымыз – қасиетті Отанымызды қастерлей білудің маңыздылығын ұмытпауымыз қажет.
2020 жыл мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толы болғай! Тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша аудан тұрғындарына бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін!
Жаңа жыл әрбір шаңыраққа бақыт әкелсін! Елiмiз тыныш, ынтымағымыз мәңгi, болашағымыз баянды болсын! Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!
Ізгі тілекпен, аудан әкімі Р.Рүстемов