Партиялық бақылау комиссиясы мәселелерді талқылады
Кеше «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Оның күн тәртібінде 4 мәселе бекітіліп, қаралды. Отырысты «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Ембергенов ашып, жүргізді.
Комиссия отырысындағы алғашқы мәселе «Жер аманаты» жобасы аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты болды. Бұл жөнінде аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы хабарлама жасады.
Бөлім басшысы игерілмеген және мақсатына сай пайдаланылбаған жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар жылдың аяғына дейін кешенді түрде жалғасатынын атап өтті.
Келесі кезекте білім саласы бойынша жылу беру маусымының ағымдағы барысы қаралды. Оған қатысты аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков ақпарат берді. Бөлім басшысы білім беру ұйымдарында отын қоры жеткілікті көлемде екенін жеткізді. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері алдағы уақытта көшпелі жиындар өткізіп, мектептер мен балабақшаларда бақылау жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін ұсынды.
Мұнан бөлек комиссия отырысы барысында «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы құрамына өзгеріс енгізу және алдағы 2023 жылға жоспарды талдау, бекітуге партияның жоғары органдарына жолдау мәселесі қаралып, ұсыныстар тыңдалды. Соңғы екі мәселе бойынша комиссия құрамы таныстырылып, келер жылдың жоспары талқыланды.
– Мемлекет басшысы барлық жұмысты ашықтық пен жариялылыққа негіздеу керектігін айтты. Кешегі Екібастұзба болған төтенше жағдай бізді де ойланту керек. Сондықтан жылу беру маусымының маңыздылығын ескере отырып, мектептердің отын қоймаларын бақылау қажеттігін ұсынамын. Сонымен қатар игерілмеген, мақсатсыз пайдаланылған жерлер мемлекет меншігіне өтуі тиіс. Жалпы жерді мүмкіндігі бар, игеретін, қолынан іс келетін азаматтар алуы керек. Сол кезде кәсіпкерлік те дамиды, аудан да өркендейді. Осы бағыттағы жұмыстар партиялық бақылау комиссиясының жіті назарында болады, – деді Жұмабек Ембергенов.
Комиссия отырысында басқа да бірқатар мәселе талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Комиссия мүшелері мәселердің орындалуын назарға алатынын жеткізді.
«ТТ» ақпарат