Тапсырмалар тиянақты орындалуы қажет
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде үш мәселе талқыланды. Мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихаттың бірқатар депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауыл әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.
Ең алдымен, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жұмабеков баяндама жасап, тоғыз айдың қорытындысын жария етті. Бөлім басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен егін жинау науқанының ұйымдастырылу барысына кеңінен тоқталды.
– Биылғы жылы аудан бойынша 33098 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 20 728 гектар болса, жаздық бидай 2 119 гектарға, мақсары 359 гектарға, күнбағыс 2 гектарға, қант құмайы 20 гектарға, сүрлемдік жүгері 42 гектарға егілді. Сондай-ақ 2 113 гектарға жаңа жоңышқа, 6696 гектарға ескі жоңышқа, 1 019 гектар алқапқа картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылды. Ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан 210 гектар қосымша жер ашылып, 840 отбасыға бөлініп берілді. Оның 90 гектарына картоп, 20 гектарына көкөніс, 100 гектарына бақша дақылдары егілді. Бүгінгі таңда аудан бойынша егілген негізгі дақыл күрішті ору, бастыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Күріш дақылының 13 924 гектары орылып, 11 108 гектары бастырылып, орта өнімі 56,5 центнерден келуде. Күзгі егін жинау науқанына барлығы 954 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда, – деді Н.Жұмабеков.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін айтып, егін жинау науқанын іркіліссіз өткізу, «Алтын дән» мерекесін атап өту, сондай-ақ жыл соңына дейін бірнеше рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Бірқатар нақты тапсырма беріп, орындалуын жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Мұнан соң аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Н.Бисембаев хабарлама жасады. Бөлім басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында белгіленген жоспардың орындалуы жөнінде ақпараттармен бөлісті.
– Ауданда 2713 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 2565-і тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілері 2,8 пайызға, оның ішінде, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілері 4,1 пайызға өскен. Наурыз-шілде айларында қаржы ұйымдарының қатысуымен кент және ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Нәтижесінде мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2607,7 млн теңгені құрайтын 409 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Бүгінгі күнге несиелендіру бойынша төменгі көрсеткіш С.Сейфуллин, Жетікөл, Іңкәрдария және Қалжан ахун ауылдарына тиесілі. Яғни, ауыл шаруашылығы техникаларын алған жобаларды қоспағанда жыл басынан бері С.Сейфуллин, Жетікөл ауылдарында 3 жобадан, Іңкәрдария, Қалжан ахун ауылдарында 2 жобадан ғана несиелендірілген, – деді Н.Бисембаев.
Аудан басшысы кәсіпкерлікті дамыту кент және ауыл әкімдерінің алдында тұрған басты міндет екенін айтып, «Микробизнес-Қызылорда», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Іскер» бағдарламалары мен «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында берілетін гранттарға қатысу көрсеткіші төмен ауылдарға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жүзеге асырылатын жобаларға жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысына тоқталып, бұл мәселе жыл соңына дейін тағы да талқыланатынын қаперге салды.
Соңғы мәселе әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы ауданға қатысты сыни жарияланымдарға арналды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Смайлов баяндама жасап, негізгі мәселелер мен ұстанымдар туралы хабардар етті. Аудан әкімі бөлім жұмысын жүйелі ұйымдастыру, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу, көтерілген мәселелердің өзектілігін айқындап, шешу жолдарын ұсыну, ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ