Ана мен бала өлімі – салғырттықтың салдары

Ана мен бала өлімі туралы сөз қозғамас бұрын, бұл тақырып өте өзекті әрі барлық отбасына қатысты екенін айтып өтуіміз керек. Қаншама ата-ана «сәбилі боламыз» деп үміттеніп, болашақ арман-мақсаттарын жақсы ниетте жоспарласа, сәйкесінше барлық бала анасының мейірім-шапағатына бөленіп өскісі келеді. Ал сол өмір заңдылығы, қалыптасқан тіршілік қағидасы кейбір дәрігерлердің салғырттығынан қайғылы оқиғаларға ұласуда. Бұл – сөз жоқ, денсаулық сақтау саласы мамандарының антына адалдық танытпай, халыққа сапалы әрі дұрыс медициналық қызмет көрсетпей, өз міндеттеріне салғырт қарап жүргенінің дәлелі. Сондықтан ана мен бала өлімімен бетпе-бет келген отбасылардың мұңын түсінуге әбден болады. Әріден айтар болсақ, бала үшін анасының, ана үшін баласының орнын ешкім толтыра алмайды. Сол себепті, мұндай қайғылы оқиғалардың тіркелуіне тікелей жауапты дәрігерлердің мәселесі қатаң қаралып, тиісті шешімдер қабылдануы қажет.
Осы аптада Премьер-министр Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният есеп берді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асырудың қорытындылары туралы баяндаған министр ана мен бала өлімінің республикалық көрсеткіші және Қызылорда облысының алғашқы үштікте екенін айтты. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі ана мен бала өліміне жол берген сала басшыларының, мамандарының жұмысын сынға алды. Аймақ басшысы бұл мәселеде халық сайлаған депутаттардың да пікірі ашық, жалпыға түсінікті болуы керек екенін атап өтті.
– Бұған дейін де денсаулық сақтау саласының жұмысы облыстық деңгейде кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Бірақ сол тапсырмалардың орындалуы көңіл көншітпейді. Өкінішке қарай, ана мен бала өлімінің көрсеткіші соңғы үш жылдан бері жоғары деңгейде болуда. 2020 жылы 12 жағдай, 2021 жылы 10 жағдай болса, жыл басынан бері 5 ана өлімі жағдайы тіркелді. Ана мен бала өліміне жол беру – кешірілмес қылмыс. Бұл – сала басшылары тарапынан қадағалау жоқ екенінің айқын айғағы. Мен жеке азамат және облыс әкімі ретінде әрбір ананың, әрбір баланың өліміне жол берген дәрігер, мейлі ол қатардағы мейірбике болсын, сол мекеменің басшысынан бастап қатаң жауап беруі керек деп есептеймін. Әрине, бізде тергеп-тексеретін, кімнің кінәлі, кімнің жазықсыз екенін анықтайтын органдар бар. Сондай-ақ, заң да бар, сол заң баршаға ортақ болуы қажет. Өйткені, ананы баладан, баланы анадан айыру – өте ауыр қылмыс, кешірілмес іс, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінен кейін бұл өзекті мәселе туралы облыстық мәслихаттың хатшысы Н.Байқадамов пікір білдірді. Ол облыстық мәслихаттың кеңейтілген тұрақты комиссиясында аталған мәселе қаралатынын, тиісті депутаттық ұсыныстар міндетті түрде енгізілетінін жеткізді.
Осы айдың ішінде Тереңөзектік бір отбасы ғана емес аудан жұртшылығы орны толмас қайғыға душар болды. Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» орталығына босануға өз аяғымен барған тереңөзектік келіншек іштегі сәбиімен бірге бақилық сапарға аттанды. «Қайтыс болар алдында толғақ үстінде жатқан әйелдің ауызынан көбік ағып, қатты қиналды. Сонда да дәрігерлер сапалы, уақытылы медициналық көмек көрсеткен жоқ» дейді журналистерге берген сұхбатында марқұмның қасында болған сіңілісі. Оның айтуынша, қиын жағдайды көре тұра дәрігерлер тиісті ем жүргізбей, жұмыстарына өте салғырт қараған. «Соның кесірінен 4 баланың анасынан айырылдық» деген марқұмның жақындары кінәлілердің қатаң жазалануын талап етуде. Олар қаралы хабарға әлі де сене алар емес. Ал түні бойы Жазираның қасында болған сіңілісі оның толғақ кезінде қатты қиналғанын айтады. «Жүрегі қысыла бастағанда ақ халаттыларға кесір тілігі арқылы босандырыңыздар деп жалындық» дейді ол. Бірақ дәрігерлер тиісті ем жасауға асықпаған көрінеді.
– Әпкемнің көзі аларып кетіп бара жатыр екен. Ауызынан көбік аққанда акушерге бірнеше рет бардық. Толғатып жатқан кезде қолын ұстайды ғой. Бұл адамды итеріп жіберді. Бізді адам құрлы көрген жоқ, – дейді бауырынан айырылған тереңөзектік Салтанат Қожанова.
Айту керек, сол сәтте жүкті келіншектің қасында болған жауапты дәрігер алғашында жүкті әйелдің денсаулығында ешқандай кінәрат болмады деп ақталған. Тіпті, босануға толық дайын болғанын айтқан-ды. Бірақ әйелдің көз жұму себебін өздері де толыққанды білмей отыр. Мән-жайды білу үшін перзентханаға барған журналистерге де жүкті әйелді босандырмақ болған дәрігер мардымды жауап бермеген. Сәби мен ана өліміне қатысты денсаулық сақтау басқармасындағылар да әзірге жақ ашпай отыр. Ал 39 жасында марқұм болған Жазира Қожанованың үйінде жолдасы мен 4 баласы күткен еді... Олар жоғарыда айтып өткеніміздей жауаптылардың барлығы заңмен жазасын алсын деп отыр.
Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланғаннан кейін Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен ана мен сәби өлімін төмендетуге арналған штаб отырысы өткізілді. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазылов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалия Бәйменова және ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» Қызылорда облыстық филиалының директоры Сәуле Нәлібаева және барлық медицина ұйымдарының бас дәрігерлері қатысты.
Штаб отырысында облыс әкімінің орынбасары ана мен бала өлімін болдырмау Ел Президенті мен облыс әкімінің басты назарында екенін айтып, соңғы жылдары өңірдегі жағдай ушығып кеткенін атап өтті. Соған сәйкес нақты шешімдер қабылдау керектігін жеткізіп, ана өлімінің алдын-алуға бағытталған шаралар мен шешімдердің сапасына мұқият мән берудің маңыздылығына тоқталды. Осы ретте, облыстық перинаталдық орталықта орын алған ана өлімі жағдайына байланысты сот-медициналық сараптама жүргізілетінін айтып өтуіміз керек. Сараптама қорытындысының әділ өтуін облыс әкімі жеке бақылауына алған және соған сай тиісті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, жиын соңында Н.Сақтағанов ана өлімі жағдайында олқылыққа жол берген бас дәрігер мен қызметкерлерге тәртіптік шара көрілетінін, оқиғаға байланысты комиссия тобы құрылатынын жеткiздi.
Қалай десек те болар іс болды, бояуы сіңді. Енді өткен іс өтті, өткен уақыт қайтып келмейді. Алайда, алдағы уақытта қайғылы оқиғалар тағы да қайталанбауы үшін мәселенің түбіне бүгін нүкте қойып, нақты шешім қабылданған дұрыс. Қорытындылай келе, айтуындай-ақ айтып, жазуындай-ақ жазған мәселеміздің соңын Гиппократ сертімен аяқтауды жөн көрдік. Онда: «Науқастарға зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, бар шама-шарқыммен ем алушыларға пайдасы тиетіндей әрекеттер жасаймын. Өмірде, ілімде де таза әрі адал боламын. Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын» делінген екен. Осы серт, осы ант әр дәрігердің жадында жүрсе деген тілек біздікі. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ