Ораза айындағы орынды іс

Жеке кәсіпкердің айтуынша, бұл бастаманы аудандық мешіт ұсынған және дүкеннің барлық қызметкерлері бірауыздан қолдап, Ораза айында алкоголь өнімдерін мүлдем сатпау жөнінде шешім қабылдаған.
– Жақында аудандық газеттен ауданның бас имамы Асхат Асқарұлының мақаласын оқыдым. Рамазан айының қадір-қасиеті туралы көп ақпарат айтылыпты. Біз өзара ақылдаса келе Рамазан айында дүкенімізде арақ-шарап, ішімдік сатпау жөнінде шешім қабылдадық, –дейді Мәдина Омарова.
Аудандық мешіттің бас имамы А.Асқарұлы игі бастаманы өзге де дүкендер қолдап жатқанын айтып, бұл өте орынды әрі құптарлық іс екенін жеткізді.
– Халықтың алғысына кенеліп, адал еңбекті ту ету арқылы кәсіптен нәсіп терген дүкен иелері Сырдария ауданындағы барлық кәсіпкерлерге үлгі көрсетті. Мұндай бастама алдағы уақытта ауданның барлық ірілі-ұсақты кәсіпкерлерінің арасында жүргізіле беретін болады. Арақ – біздің қанымызда, салтымызда жоқ дүние. Ол – бізге кешегі қазақты «өркениетке жеткізушілер» ала келген қасірет. Өкінішке қарай, қазір араққа салынған азаматтар ауданымызда да бар. Дінде қылмыс, қоғамда ұят саналатын істен бәріміз арылуға тиіспіз, – дейді Асхат Асқарұлы.
Әңгімелесу барысында аудандық мешіттің бас имамы арақ-шараптың зияны жөніндегі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың хадисімен бөлісті.
– Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде: «Алла Тағала араққа қатысты он қарғыс айтады. Бірінші қарғыс – арақтың өзіне, екіншісі – оны ішетін адамға, үшіншісі – арақты құйып берушіге, төртіншісі – арақты сатушыға, бесіншісі – сатып алушыға, алтыншысы – арақты дайындаушыға, жетіншісі – дайындауға тапсырыс берген жанға, сегізіншісі – арақты алып келушіге, тоғызыншысы – әкелуге жұмсаған адамға, оныншы қарғыс сол арақтан түскен табысты тұтынушыға тиесілі болады» делінген. Біз – санасына «қарғыс» ұғымы қатты сіңген халықпыз, қарғыстан қорқатынымыз рас. «Бір адамды ренжітіп едім, енді соның қарғысына ұшырамаймын ба деп уайымдап, ұйықтай алмадым» деп ақыл-кеңес сұрап, мешітке келетін, тіпті садақа беріп жататын жандар көп. Ал адамның қарғысынан осынша қорыққанда, Алла Тағаланың қарғысының күші қандай болмақ, – дейді осы тақырып турасында тарқата айтқан аудандық мешіттің бас имамы.
Айта кету керек, игі бастама Тереңөзек кентіндегі «Ақжол» дүкенінде де жалғасуда. Сондай-ақ С.Сейфуллин ауылының кәсіпкерлері де ораза айында ішімдік сатпауды жолға қойыпты. Ал шалғай елді мекен Айдарлы ауылында Рамазан айында арақ сатпау бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді екен.
– Жыл сайынғы дәстүрге айналған іс-шарамыз үшінші жыл қатарынан биыл да Айдарлы ауылында өз жалғасын тапты. Қолдау білдірген жастарға және ауыл кәсіпкерлеріне алғыс білдіреміз. Біз арақ-шарап саудасына тосқауыл қою арқылы тәртіпсіздіктердің және отбасылық дау-жанжалдардың алдын аламыз. Мұндай жақсы істің ұйымдастырылуынан-ақ Рамазан айының қадір-қасиетін ұғынуға болады, – дейді ауыл әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі маманы Өмірзақ Есболатов.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ