Жақсылық жасап жарысты
Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы да аяқталып, дүйім жұрт қадірлі аймен қимай қоштасты. Отыз күнге жалғасқан Рамазан айы – адамдардың бір-біріне мейірімділігін арттырып, жақсы әдетке жақындауға, жаманнан жиренуге үйретті.
Қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Яғни, осы айда Құран аяттары түсіріліп, мұсылман баласына оразаны парыз еткен.
– Жыл артқан сайын ауданда бес парыздың бірі саналатын ораза ұстаушылар қатары көп. Қасиетті айда сырдариялықтар жақсы, ізгі амалдар жасады. Оның ішінде, қайырымдылықтар жиі ұйымдастырылып, 140 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратылды. Сондай-ақ ораза ұстап, ауыз бекіткен 300-ге жуық тұрғынға ауызашар қоржыны үлестірілді. «Қайырымды болсаң, қайырын өзің көрерсің» дегендей, жомарт азаматтардың демеушілігімен аудандағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 26 бүлдіршінге қаржылай «Рамазан сыйы» берілді. Осындай ізгі амалдар жыл бойы жалғасатын болады, – дейді аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқаров.
Ауданның бас имамы мұсылмандардың қасиетті мейрамында Ораза айт намазы биылғы карантиндік шектеулерге байланысты тиісті талаптар сақталып оқылғанын жеткізді.
Қасиетті айда ауыз бекітіп, жақсы істерге жаршы болған жамағат көпшіліктің ризашылығына бөленді. Қамқорлық көрген жандардың алғысында шек жоқ. Мұндай амалдар адамдар арасында мейірімді болуға, әркез қайырлы іс жасауға үндейді. Сонысымен де Рамазан – барша қауым үшін ерекше ай.
Бибісара ЖАНӘЛІ