РАМАЗАН АЙЫНЫҢ БАСТАЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қасиетті Рамазан айының басталуына орай аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев аудандық мешітте болып, жамағатты Ораза айының басталуымен құттықтады. Іс-шараға ауданның бас имамы А.Асқарұлы қатысып, киелі айдың қадір-қасиеті жөнінде уағыз айтты.
– Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен аудан әкімінің атынан шын жүректен құттықтаймын. Рамазан айы баршаңызға мүбарак болсын! Рамазан – айлардың сұлтаны, ең қайырлысы және сабырлық айы. Бұл айда діни нанымға сәйкес жұмақтың есіктері ашылып, амалдардың сауабы артады. Сондықтан әлемнің барша мұсылманы бұл айға ерекше құрметпен қарайды. Ауыз бекітіп, пітір-садақа таратып, жетім-жесірге қолдау көрсетіп, игі амалды еселеуге асығады. Сонымен қатар, бұл айда өздерінің санасы мен жүрегін жаман ой, жат пиғылдан арылтады. Биылғы жылы мамыр және маусым айына тұспа-тұс келген Рамазан айының аптап ыстығына қарамастан оразаға ниет етушілер саны көп. Барлықтарыңыздың ізгі ниет-тілектеріңіз қабыл болсын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Аудандық мешіт жамағатының бірлігі әркез бекем болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Құттықтау сөзден кейін ауданның бас имамы А.Асқарұлы бес парыздың бірі болып саналатын оразаның сауабы мол екенін айтып, нақты мысалдар келтірді. Жамағаттың сұрақтарына жауап беріп, Рамазан айында оқылатын Тарауық намазына қатысуға шақырды.
Уағыз-насихаттан кейін жамағат Құфтан және Тарауық намазын оқыды. Жиналғандарға еңбек ардагері А.Садық ақ батасын берді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің көмекшісі–
баспасөз хатшысы