Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Елдік сынға түскен сәт...

Елдік сынға түскен сәт...

Түп тарихымызда түркі баласына тегін келген, арғы ата жолында алаш жұртына арзанға түскен ештеңе болған жоқ. Біз бәрінің өтеуіне қанымыз бен жанымызды берген халықпыз. Басымызды бәйгеге тігіп, байрағымызды алған жұртпыз. Егесіп жүріп, егемен болған елміз.

Тәуелсіздік бізге төбеден түсе салған, төтеннен келе салған сый емес, тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен  өткен тарлан елдің Тәңір берген еншісі еді. Азаттықтың алмағайып жолына қарасаң, ағараңдап жатқан ата-бабаңның сүйегін, шәйіт кешкен ерлердің семсердің жүзінде кертіліп қалған кегін көресің. Енді, міне, қаңтардың қаралы күндерінің бізге қаншалықты қымбатқа түскенін қарасаңызшы! Орнында бар оңалар, бізге қымбатқа түскен бүлінген дүние емес қой, тәйірі, бауырдың кесілген басын, баланың қанды жасын, қарындастың төгілген арын, аңырап қалған ата-ананың зарын немен өтей аламыз?

Күнтізбелік жаңа жылды қарсы алып, ескі жылға есіркесін айтып, жаңа жылға жарылқасын айтып, жайбарақат жатқан ел едік. Еліміздің батысында бейбіт шеру басталды. Басалқалы жұртпыз ғой, шерушілер бейбіт түрде талабын қойды, билік бас бұрды, ел тілеуі ескерілді, халық қалауы қанағаттандырылар дедік. Бірақ, бір-ақ сәтте бүлік бұрқ ете қалды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген бейбіт елдің берекесі қашты. Ұлыс ішін үрей кезді. Мыңдаған халық шерулетіп, оған еліміздің барлық аймағы үн қосып жатты. Әлеуметтік мәселелерді айтумен басталған шеру мен әділеттілік сұраған жұрттың жанайқайын әп-сәтте бұзақылардың бүлігі басты. Аймақ алқындырды. Алматы абыржытты. Жегідей жемқорлыққа қыстығып жүрген өкпе, жүйеге деген сенімсіздік, ширығып тұрған, шемен боп қатқан шер лықсып келіп, шерумен бірге лақылдап сыртқа шықты. Ымыраға келмес, ырыққа көнбес ызаның ызбары қаңтардың ызғарымен бірге жан-жүрегімізді қарыды. Ақылды ашу жеңді. Көңілі күпті көппен бірге көргенімізден шошынып, естігенімізден есіміз шығып отырды.

Көшелі мәселенің көшеде шешілмейтінін көз көрді. Бейбіт шеру басқа сипат алып кетті. «Көсемсігендер» көсеуге, кейбір ереуілшілер «есерге» айналды. Оны шерушілердің өзі де аңғармай қалды. Шеруге шыққан адамдар ереуілдің алдында айғайға сүрен қосып, адам өлтіріп, мекемелерді өртеп, дүкен тонап жүрген бөтен адамдардың бөгде пиғылын кеш түсінді. Тіпті сұрапыл соғыстың өзінде медицина қызметкерлері мен журналистерге оқ атылмайтын еді. Сұрқай соғыстың өзінде бозбаланың басы кесіліп, бесіктен белі енді шыққан бала өлтірілмейтін еді. Жалдамалы жаналғыштар жайпап өтті. Оларды елдің қамы да, ұлттың арманы да, мемлекеттің мүддесі де ойландырған жоқ. Аңғал халықтың көңіл күйін қалауына қарай пайдаланып кеткен содырлар алдын-ала ұйымдастырылған жоспары бойынша әрекетке көшті. Ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттік тұтастығымызға қатер төнді. Төбемізге тұтқан тәуелсіздігіміздің бір-ақ сәтте уысымыздан сусып, талықсып кеткенде тәтті түстей бұлдырап, көзімізден бұл-бұл ұшарын ұқтық.

Халық – телегей теңіз ғой, тебіреніп, толқып, толысып жататын. Сол теңізді арна-арнаға бөліп, арандатқысы, жыра-жыраға бөліп, жырымдай отырып, жойқын қуатын жымысқы мақсатына пайдаланғысы келген топтар жұмыс істеді. Сырттан келген сұрқия топтармен сыбайлас, ым-жымы бір іштен шыққан жау жағадан алды. Дін атын жамылған адасқан ағымдар мен антын бұзғандар асыр салды, арамза пиғылын жүзеге асырғысы келіп, атойлап шапты. Тұтас елді ту-талақай етіп бөліп алғысы келді. Бүлікшілер билікті басып, төңкерісшілер тәуелсіздік туын таптап өтуге тырысты. Шауып бара жатқан аттың жалына жармасқысы келгендер жамырап жатты. Бүлік елдігімізге сына қақты, бірімізді біріміз түсінуден, тыңдаудан, сөзге тоқтаудан қалдық. Тұтқиылдан келген төтенше күштер тажалдай төнді, әбжыландай арбады. Бір-ақ сәтте өзіміздің қорғансыз екенімізді сезіндік.

Осынша опасыздық пен озбырлық қайдан шықты? Бұл бүлікшілер қайдан келді? Сырттан келгендер шегарадан қалай өтті? Іштен шыққандарды қалай аңғармай қалдық? Сұрақ көп. Оның бәріне жағдай тұрақтанғанда жауап табылады деп сенеміз. Ал қазір бір-бірімізге кінә артпай, ес жиып, етек жауып, елдігімізді қалпына келтіру қажет! Ол үшін жұрт болып жұмылып, тәуелсіздікті төңкерістен қорғап қалған, тығырыққа тірелген сәтте тізгінді қолға алып, тағдырлы шешімдер қабылдаған Президентіміздің жанынан табылып, толық қолдағанымыз абзал.

Елдігіміз сынаққа түсті, енді осы сәттен сабақ алуымыз қажет! Ерлеріміз еліміздің ертеңі үшін шәйіт кешкен бұл қаралы күнді ешқашан ұмытпауымыз керек! Қанқұйлы қарақшылардың қолынан қаза тапқан, қыршын кеткен боздақтарымыз – біздің ұлттық батырларымыз! Осы тағзым мен тағылым күнінде тәуелсіздігімізге қауіп төндіретіндерге сес, өзімізге ес болу керектігін ұғынсақ, бұл түнектен серпіліп, осал тұсымызды ой елегінен өткізіп, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымыз анық! Өйткені бізде басқа Отан да, басқа жол да жоқ!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
10 қаңтар 2022 ж. 180 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам