Ескірмейтін естелік
Аудандық газеттің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шаһарбек Балтабайұлы бізге бағыт-бағдар беріп, ақылын аямаған алдыңғы буын ағамыз. Аудандық басылымда еңбек ететін ақылшы ұстазымызбен жақында ақын Келдібай Уәйісовтің отбасында болдық. Қаламгердің қарашаңырағының түтінін түтетіп отырған Әсия апа бізге суреттер альбомын көрсетті. Арасында аудандық газеттің бұрынғы редакторының атақты ақын Жұмекен Нәжімеденовпен түскен суреті де бар екен.
– Бұл Жұмекеннің суреті ғой, – деді көп суреттің ішінен ескі суретті аңғарып қалған Шаһарбек аға. Бәріміз жалт қарадық. «Жұмекен деймісің, қай Жұмекен?!» деді Әсия апа көзәйнегінің үстінен зер салып. Анықтап қарасақ, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов Келдібай ағамызбен бірге суретке түскен екен.
– Е-е, Жұмекен таңғажайып ақын ғой. Ол егемен еліміздің Әнұранын небәрі 21 жасында-ақ жазған, – деп әңгіме тиегін ағытты Шаһарбек Балтабайұлы. Біраздан бері жұбайының шығармашылығына зер салатын адамдардан жырақтап қалған Әсия апа әңгімені жалғай түсті.
– Иә, ақындар тамаша, шынайы туындысын жас кезінде жазады екен ғой. Сосын олар көпшіл келеді. Жұмекенмен түскен суретті көріп біраз нәрсе есіме түсіп отыр. Біздің Келдекең көпшіл болды. Шығармашылығының арқасында көп жерлерді аралады. Үйімізге ақын-жазушылар көп келетін. Асқар Тоқмағамбетовпен, Қалтай Мұхамеджановпен, Қадыр Мырза Әлимен түскен суреті бар еді. Ауданымыздың Құрметті азаматы Қайырбек Асанов біздің отбасылық досымыз. Альбомда Қайырбектің суретінен көп сурет жоқ. Ол Келдібаймен өте жақын араласты, – деді ақынның жары.
Ескі альбомды парақтап отырып, ескірмейтін естеліктермен қайта қауыштық. Келдібай Уәйісұлының журналистік іссапар аясында Мәскеуде түскен суреттері де бар екен. Сонымен бірге 80 жылдан астам тарихы бар аудандық басылымның ардагерлері Мұхтар Сақтапов, Сергей Тоқсанбаев, Асқар Кіребаевтармен орталық алаңда да естелік суретке түсіпті. Мұнан бөлек ауылдарды аралағанда, жиналыстарда, әдеби кештер мен кездесулерде түскен суреттері көзге ыстық көрінді. Мұның бәрі бүгінде тарихқа, ал азаматтар тұлғаға айналды. Оның ішінде, өмірі де, өлеңі де аңызға айналған Жұмекен Нәжімеденовпен түскен суреті ерекше.
Сурет – тарих. Ал суретке түсу қызығушылық болса, түсіре білу өнер. Кейде бүтін бір елдің құрмет-қошеметіне бөленген тұлғалармен кездесіп, пікірлесіп жатамыз. Бірақ естелік суретке түсуге мән бермейміз. Ойлап қарасақ, сурет өмір өткелдеріндегі белгілі бір сәтті еске түсіретін құндылық екен...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ