Беташар: Ата-баба дәстүрінен алыстамаған абзал
Күз берекелі мезгіл болған соң осы уақытта той көп болады. жуық арада бір үйге келін түсетін болып, сол қуанышқа ортақтаса бардық. Бүгінгі «үрдіске» айналғандай кортеждетіп келін келді. Үй болып, отау тігіп жатқан жігіттің қуанышымен бөлісіп, құттықтадық. Ал жаңа түскен келінге жөн-жоралғылар жасалып, абысындары үйге алып кірді.
Күн ұясына батуға таяу. Тойшыл қауым есік алдына жиналып қалды. Көп күткен жоқпыз, шамалы уақыттан соң әлгі екі абысыны келінді екі жағынан қолтықтап, сыртқа алып шықты. Асаба жігіт «Ағайын беташарға жиналайық» деді. Беташар – халқымыздың игі салттарының бірі. Ол жерде келінге туған-туысқандар таныстырылып, оларға арнайы сәлем салынады. «Беташар басталады» деген соң ағайын-туыс, дос-жарандар есік алдына қаумалады. Осы кезде бір түсінбеушілік орын алды. Келінді қолтықтап шыққан абысындар сәлем салу үшін үйдің босағасына бет түзеп еді, бір кісілер «жаңа түскен келін босағаға емес, құбылаға бет түзеп, сәлем салу керек» деп үшеуін құбылаға қарай қаратты. Ал көпшілігі «келін босағаға қарап сәлем салады емес пе?» деп, сол арада шуылдасты. Ақыры, сол жерде үлкендер жағы көрген-білгендерін айтып, жаңа келін босағаға қарап сәлем салды.
Енді осының аражігін ашып алу үшін біз бірнеше кісінің пікірін білдік. Алдымен, 82 жастағы көпті көрген ардақты жан Зибагүл Әлжанова құбыланы бағытқа алған жөн деген пікір білдірді.
– Қазір адам да, заман да өзгерді. Бүгінде беташарда келіннің сәлем салу бағыты әртүрлі болып жүр. Бірі құбылаға қаратса, бірі босағаға бет түзейді. Енді бұл күрмеулі мәселе екені анық. Өзім қыз ұзатып, келін түсіргенмін. Сондықтан менің ойым, жаңа түскен келіннің оң иығын босағаға қарай алып, құбылаға қаратып сәлем салғаны дұрыс. Құбыла мұсылман қауымның басты бағыты саналады, – дейді құрметті қария.
Ал тереңөзектік еңбек ардагері Сергей Смайлов келіннің сәлем салу бағытын босағаға қаратқан абзал екенін айтады.
– Шынында, бұл бірден кесіп айтатын дүние емес. Бірақ меніңше, келін босағаға қарап сәлем салғаны жөн. Бала кезімде менің анам үйге кіріп келе жатқанда босағаға сәлем салып кіретін. «Әруақтар босағаға келіп Құран дәметеді» деген түсінік бар. Міне, сол ата-баба әруақтарына, босағаға сәлем салу содан қалыптасқан деп түсінемін. Беташар басталғанда да ең алдымен сол үйдің ата-бабаларының рухына сәлем салдырады емес пе?! Сондықтан босағаға қарап сәлем салғаны абзал. Көпшілік жерде келіннің босаға қарап жүргенін көріп те жүрміз, – дейді С.Смайлов.
Асаба болып, келіндердің бетін ашып жүрген Төлеби Амануллаев та Серік ағаның ойына қосылады. «Осыған дейін көптеген тойларды жүргізіп, келіндердің бетін ашып жүрмін. Барлығында да жаңа түскен келіннің сәлем салу бағытын босағаға қаратамыз. Үлкендер жағы «Осы үйдің жақсы келіні болсын, босағасы берік болсын» деп жатады. Міне сол ұғымға байланысты сәлем саларда босағаға қарайды» деп өз ойын білдірді.
Осы мақаланы жазар бұрын көптеген кісілердің пікірін білдік. Барлығы да әртүрлі ұғым қалыптасқанын айтқанымен, көпшілігі келіннің сәлем салу бағытын босағаға қаратуды құптайды. Өйткені, келін сол босаға сәлем беріп, сол үйдің берекесін келтіреді, көгертеді. Ал асыл дінімізде мұсылман қауым құбыланы бетке алып намаз оқиды. Бақилық болған адамды жерге қоярда да басын құбылаға қарай қаратады. Ал келіннің сәлем салуына қатысты қатып қалған қағида жоқ. Дегенмен, бағзы заманнан келе жатқан түсінік, жөн-жоралғы бар. Сондықтан екіұдай пікір болғанымен, ата-баба дәстүрінен алыстамаған жөн болар.
Ердос БЕРКІНБАЕВ