Киелі шаһарға сапар
Осыдан үш жыл бұрын облыс мәртебесін алған киелі Түркістан шаһары күн сайын жаңданып келеді. Әлем елдерінен туристер ағылған қаланың келбеті бұрынғыдан жаңғыра түскен. Қасиетті мекеннің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысқан Сырдария агротехникалық колледжінің ардагерлері өткен сенбіде түркістанға бір күндік саяхатқа барып келді.
Сәулеті келіскен шаһарға іргелі оқу орнында қажырлы еңбек еткен 15 ардагер атбасын бұрды. Сырдария агротехникалық колледжінің кәсіподақ комитеті мен ұлағат ұясының басшысы Дархан Қожахметовтің демеушілігімен сала ардегерлері Түркістан қаласындағы бірнеше нысанды аралап көрді. Ең алдымен ардагерлер Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне барып, әруақтарға Құран бағыштады. Сонымен бірге, құнды жәдігерлердің тарихымен танысты. Киелі топыраққа табан тіреген ардагерлер заманауи бағытта салынған «Керуен сарай» кешенін аралап көрді. Ғажайып көркімен көпшілікті баулыған қала сәулетіне қазыналы қарттар таңданыс білдірді. Қызыққа толы оқиғаларға куә болды.
– Қос мереке аясында ардагерлер Түркістан қаласына саяхат жасауға колледж басшылығы ерекше жағдай жасады. Шат-шадыман көңіл-күй сыйлаған сапар барысында қасиетті мекенді жаңа қырынан тани білдік. Тарихи сырды қаншама жыл ішене бүгіп жатқан қаланың қым-қуыт тіршілігіне қанықтық. Зәулім тұрғын үйлер тұрғызылып, жаңадан ғимараттар бой көтергені қуантады. Барлығы халық игілігі үшін қызмет ететіні рас. Сондықтан тың бастамаларға таңданыс білдірдік. Ата-баба рухына тәу етіп, өткеннен ғибрат алу – парызымыз. Осындай зор мүмкіндік сыйлаған ұлағатты білім ұясының ұжымына алғыс айтамыз, – деді сала ардагері Байырбек Әмірбеков.
Сапар барысында сала ардагерлерінің денсаулығын мейірбике жіті бақылауда ұстады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ