Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «СЕН АЙДАЛАДА, МЕН ШӨЛДЕ ҚАЛАМЫН»

«СЕН АЙДАЛАДА, МЕН ШӨЛДЕ ҚАЛАМЫН»


Асанас кесенесіне келген ізбен қайта жүрдік. Бұл жолғы бағыт Қожжан қожа мен Сүнбибі кесенесі. Тарихи ескерткіштер ауылдың батыс беткейінде. Айдарлы тас жолына жақын орналасқан. Жолай жолсерігіміз Ермекбай Смайлов Қожжан қожаның әулиелігін айтып келеді.
– Негізі, деректерге сүйенсек, Асанас Қожжан қожаның нағашы атасы дейді. Өз заманында олар бір-бірімен жақын араласып тұрыпты. Бұрындары осы жерде өзен арнасы ауылдың сол жағымен өткен екен. Сонда Қожжан қожа Асанасқа «Сен айдалада, мен шөлде қаламын» деген екен. Айтқаны келіп тұр ғой. Қазір Сырдария өзенінің арнасы елді мекеннің оң жағында. Алыс жатыр. Топырағы борпылдап, жері сусыз шөлге айналғандай, – дейді жол нұсқаушымыз.
Айтқандай-ақ, тас жолдан түсе салысымен тарихи орынға демде жетіп бардық. Мұнда шырақшы Ғарифолла Әбіласановпен тілдестік. Ол кісі бізді Қожжан қожа кесенесіне апарып, тарихын айтты.
Қожа Жаһанды ел-жұрт Қожжан қожа атап кеткен. Дін ілімінің білгірі сопылық ілімді ұстанған Мәді (Диуана) қожаның үлкен ұлы. Қажылыққа бірнеше рет барған Мәді қожаның Қожжан қожадан бөлек Қылыш қожа, Пірзада қожа және Бақ-Мұхаммед есімді ұлдары болған. Олар да өздерінің бойындағы дарындарымен тарихта қалған. Шырақшы ХҮІІ ғасырдың аяғында салынған кесенеде Қожжан қожа, Қылыш, Пірзада және Қожжан қожаның ұлы Болат жерленгенін жеткізді.
Қожа Жаһан Сыр бойында шамамен 1680-1755 жылдары өмір сүрген. Оның өмір сүрген уақыты XVІ ғасырдың соңы мен XVІІ ғасырдың басы деген де болжамды дерек бар. Ол Орталық Азияға әйгілі ілім орталықтары – Самархан мен Бұхара шаһарларындағы дін медреселерінде оқып, діни білім алған. Одан бөлек, араб қалаларында білімін жетілдірген. Содан кейін елге оралып, халыққа дінді насихаттайды.
Кесене қасында шырақшы Қожжан қожаның аяқ жағында орналасқан, мүрдесінің жартысы іште, жартысы сыртта жатқан Болат баласына қатысты оқиғаны айтты. Негізі, Қожа Жаһаннан тоғыз бала өрбіген. Солардың бірі Болатты дінді насихаттауға арқа жақтың ағайындары келіп сұрапты. Ол басында қарсылық танытқан. Сол кезде Қожжан қожа «Қырға барасың Болатым, Арқаға барасың Болатым, Аяғыма келіп жатасың Болатым» деп бата берген екен. Содан үш күннен кейін ұлы келісім беріп, арқаға барған екен. Кейіннен осы жерге жерленіпті.
Қожжан қожа кесенесінің артында Сүнбибі кесенесі тұр. Оның уақыты ХҮІІІ ғасыр. Бұған қатысты көп дерек жоқ. Кейбіреулер Шынқыз әулие дейді. Енді біреулер Наурызбай батырдың анасы дейді екен. Осы жерде дариядан өтіп бара жатқанда өмірден өтіп, осында жерленіпті-мыс. Жалпы, уақыты белгілі болғанымен нақты дерек жоқ. Зерттеуді қажет ететін ескерткіштер қатарына жатады.
Қорыта айтқанда, Айдарлы – киелі мекен. Мұнда көптеген әулиелер, дін ілімінің білгірлері ғұмыр кешкен. Олардың шапағаты елге тиген. Соның дәлелі емес пе, біз айтқан белгілі тұлғалардың есімі 4-5 ғасыр болса да бізге жетіп отыр. Алайда, оларға қатысты көптеген сырлар әлі ашылмаған. Оны зерттеу қажет. Ол уақыт еншісінде.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

15 ақпан 2019 ж. 1 693 0