Даму белесіндегі денсаулық сақтау саласы
Тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерейтойы қарсаңында ауданның денсаулық сақтау саласының өткені мен бүгіні, жауапкершілігі мол салада тер төккен тұлғалардың еңбегі және соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстар туралы қолда бар мәліметтерге сүйеніп, естелік жазуды өзіме парыз санадым. Өйткені, өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – болашақ жоқ. Сондай-ақ, антына адал ақ халатты абзал жандардың ауданның әлеуметтік, қоғамдық дамуына айрықша үлес қосып келе жатқанын атап өткеніміз жөн.
Тоқсан жылдан астам тарихы бар Сырдария ауданының денсаулық сақтау саласы көптеген қиыншылықтарды артқа тастады. Аудан құрылған кезеңде денсаулық сақтау саласындағы материалдық-техникалық жағдай аса мәз емес еді. Білікті мамандар да тапшы болатын. Бірақ антына адал азаматтар сол қиын кезеңде халыққа сапалы ем-дом жасап, қолдан келген көмегін аяған жоқ. Мемлекеттің қолдауымен, халықтың ықылас-пейілімен денсаулық сақтау саласының көші жүре түзелді деп айтуға толық негіз бар. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қолдаулар ерекше болды. Жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді, мамандар біліктілігін жетілдіріп, бұрын тек қала орталығында жасалатын қиын оталар ауданда жасалатын болды. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі, қажырлы еңбек пен ізденістің нақты нәтижесі.
Ауданның негізі қаланған жылдары жергілікті халықтың басым бөлігі Тереңөзек, Шаған және Контунская коммуна бекеттерінде тұрды. Сәйкесінше, денсаулық сақтау саласының қалыптасуы сонау 1938 жылмен тұспа-тұс келді. Сол кезден аудан орталығында безгек ауруларына қарсы күрес жүргізу мақсатында құрылған арнайы бригада жұмыс істеді. Сол жылы 15 төсектік аудандық аурухана ашылды. Оны Т.Кадаев есімді фельдшер басқарды. Алғашында 15 төсектік орынға лайықтандырылған аурухана жыл өткеннен кейін кеңейтілді. Халық сұранысына, медициналық қажеттілікке сәйкес 5 төсек орын қосылды. Аламесек елді мекенінде орналасқан аурухана 1940 жылдан бастап жергілікті халыққа жүйелі медициналық қызмет көрсете бастады. Басы ауырып, балтыры сыздаған халық осы мекеменің көмегіне жүгінді. Аурухананы медицина мамандығы бойынша орта білімі бар Аппаз Кенжеғараев басқарды. Атап өту керек, осы жылдары ауданда екі медициналық пункт болды. Оның бірі тұрғындардың саны өзге елді мекендерден көптеу Шағанда орналасса, екіншісі Контунская коммунада қызмет атқарды. Шағандағы медициналық бекетте фельдшер Г.Ф.Тапин, ал Контунская коммунада фельдшер Тамара Пак еңбек етті. Олар фельдшер болғанымен қиындыққа толы кезеңде дәрігердің міндетін абыроймен атқарды.
Ауданның денсаулық сақтау саласының тарихында Сара Нақпұтованың да алар орны ерекше. Ол 1940 жылы Қызылорда медициналық училищесін бітіріп, Бидайкөл колхозындағы медициналық бекетте жұмыс істеді. Соғыс жылдарында Қараөзек елді мекеніндегі ФАП-ты басқарды. Ұзақ жылғы еңбегі, халық денсаулығын нығайтуға қосқан сүбелі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, ұзақ уақыт фельдшерлік қызметті абыроймен атқарып, елдің ықыласына бөленген денсаулық сақтау саласының үздігі атанған соғыс және еңбек ардагері Тәждин Қодаровтың да есімі ерекше құрметпен аталады. Ол Сыр бойына белгілі атасы Садық ахунның емшілік дәстүрін жалғастырып, халыққа шипалы ем-дом жүргізді. Ал соғыстан кейінгі кезеңде Аламесек елді мекенінде Елена Спиридоновна Зипанди қызметін бастап, 1947 жылы аудандық ауруханасының бас дәрігері лауазымына тағайындалды. Аурухана басшылығында орта медициналық білімі бар Тұрсынбай Әжімов те болды. 1950-1952 жылдары ауданның денсаулық сақтау саласын Аппаз Кенжеғараев басқарды. Соғыстан кейінгі жылдарда еңбек ету, сала жұмысын сапалы ұйымдастыру оңайға соқпағаны белгілі. Сондықтан жоғарыда есімі аталған тұлғалардың бәрі құрметке лайықты.
Жаңа кезеңнің талаптарына сай 1952 жылдың желтоқсан айында ауданның денсаулық сақтау бөлімі таратылды. Бұл аудан халқы үшін күтпеген жаңалық болды. Десе де аудандағы емдеу жұмыстарына басшылық жасау аудандық аурухананың бас дәрігері Е.С.Зипандиге жүктелді. 1959 жылы аурухана басшылығында аз ғана мерзім Дауылбек Смайлов еңбек етті. Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Ленин» орденінің иегері Ғайнулла Нұртасов 1959-1969 жылдары аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды. Бұл кезеңде денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы нығайды. Хирургия, терапия және балалар бөлімшелері ашылды. Перзентхана, рентген бөлімшесі мен мамандардың оқуына, біліктілігін жетілдіруіне қолдау көрсетіліп, жағдай жасалды.
Ауданның денсаулық сақтау саласының тарихына зер салсақ, аудандағы алғашқы жоғары медициналық білімі бар дәрігер Камал Баймаханов болды. Ол Қызылорда қаласындағы жаңадан ашылған Алматы медициналық институтының бөлімшесіне 1935 жылы оқуға түсіп, оны екінші дүниежүзілік соғыс алау тұтанған, яғни 1941 жылдың желтоқсан айында бітіріп шығады. Содан кейін ауданымызға денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен келіп, халық денсауылығын жақсарту жолында еңбек еткен. Жоғары білімі бар медицина маманына аудан басшылығы үлкен сенім артып, К.Баймахановты аудандық денсаулық сақтау бөліміне жетекші етіп тағайындаған. Зор жауапкершілік жүктелген соң дәрігер аудандық емхана мен аурухана жұмысын үйлестіріп, аудан тұрғындарына ем-дом жасау ісін жолға қойған. Ауданда Камал Баймахановтың басқа жоғары білімді дәрігер болмаған соң елді мекендерде фельдшер мен медбикелер медициналық көмек көрсетті.
Еңбек жолын ауданнан бастаған ол мұнда айтарлықтай тәжірибе жинақтап, 1944 жылы облыстық денсаулық сақтау бөліміне меңгеруші болып тағайындалды. Ал К.Баймахановтың орнына ауданның медицина саласына фельдшер Г.Накирова басшылық етті.
Өткен ғасырдың орта шенінде ауылдық жерлерде медициналық бекеттер ашылып, тұрғындарға көмек көрсетіле бастады. Мәселен, 1950 жылы аудандағы үлкен ауыл саналатын Шағанда фельдшерлік бекеттің негізінде 5 төсек орындық ауылдық аурухана ашылды. Оны он бес жылға жуық уақыт «Құрмет белгісі» ордені, көптеген медальдардың иегері, білікті фельдшер Тамара Цой басқарды. Осы уақыт аралығында ауылдан ашылған аурухана елді мекен тұрғындарына қолайлы болды. Өйткені, ол кезеңдерде қазіргідей аудан орталығына қатынау оңай болған жоқ. Дариядан жасанды көпір арқылы өту халыққа мұң болатын. Сол кезеңдерде ауылдық аурухана қызметкерлері дарияның арғы бетіндегі жақын ауылдардың да тұрғындарын қабылдап, ем-домын жасады. Ал 1964-1966 жылдары ауруханада дәрігер Зинайда Мұсабекова қызмет атқарды.
Шағын типтік үлгіде салынған 50 төсектік ауруханада Тыныштық Жаппаров бас дәрігер болып қызмет атқарды. Ол ауруханаға басшылық жасаған кезеңде ондағы төсек орын саны 30-дан 75-ке дейін жеткізілді. Бұл стационар совхозаралық елді мекендерді қамтыды. Яғни, Сырдарияның сол жағалауындағы ауданға қарасты ауылдарда науқастанғандар осы ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмектер көрсетілген. Осының негізінде облыс бойынша алғаш болып ауданда, атап айтқанда, Шаған елді мекенінде «Жедел жәрдем» бөлімшесі ашылды. Медициналық қызмет көрсету ауқымы кеңейіп, Шаған ауылдық ауруханасы республика көлеміндегі елді мекендер арасындағы байқауға қатысып, «Үздік аурухана» номинациясын жеңіп алды. Осындай жетістікке жеткен ауылдық ауруханада Т.Жаппаровтан кейін Гүлжамал Жүндарбекова, Бақыт Қалиев, Әбілғазы Мереев, А.Өмірбаева, Айбарша Арысбаевалар бас дәрігер болып, елге қызмет жасады.
1953 жылы ауданға қарасты «Қызылдихан» елді мекенінде тұрғындарға медициналық көмек көрсететін фельдершілік бекет ашылды. Онда алғашқы жылдары мейірбике Оля Хан қызмет көрсетті. Одан кейін фельдшер Жаныбек Өрікбаев, аяжан Сәрсенкүл Омарова халық денсаулығын жақсарту бағытында жұмыс істеді. Арада он үш жыл өткеннен кейін фельдшерлік бекет акушерлік бекетке айналып, оны соңғы отыз жыл көлемінде бірінше санатты фельдшер Сейітқали Жақсылықов басқарды. Аудан медициналық дамуына елеулі үлес қосқан білікті маман басы ауырып, балтыры сыздағандардың ем алуына ерекше еңбек сіңірді. Ол мінсіз қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен және көптеген «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Бүгінде еселі бейнетінің зейнетін көріп, сала ардагері ретінде құрметке бөленуде. Мұнан кейін ауылдық акушерлік бекетте Р.Бодыбаева, Е.Мизанбаев, М.Ақбаева және аушерка А.Жұбанова қызмет істеді.
1960 жылдан бастап ауылдық жерлерде медицинаның өркендеуіне кең жол ашылды деуге негіз бар. Өйткені, осы жылдарда елді мекендерде көбісі типтік үлгіде салынған ауылдық ауруханалар өз жұмысын бастады. Мәселен, бүгінде республикаға белгілі үлгілі ауыл Нағи Ілиясов, сол кездердегі «КСРО-ның 50 жылдығы» атындағы совхозда 1964 жылы аурухана ашылды. Елді мекендегі 20 орындық аурухананы әр жылдары Қалыбай Дурманов, Ислам Құлымбетов, Алшынбек Әбуов, Жақсылық Нұрғалиев, Сәрсен Олиновалар басқарып, адам жанының ауырмауы жолында қалтқысыз қызмет жасады.
«Еңбек Қызыл Ту» орденді Шіркейлі ауылында фельдшерлік бекет 1967 жылы ашылған. Елді мекендегі медициналық мекеменің алғашқы меңгерушісі болып фельдшер Құрманкүл Жакеева тағайындалған. Екі жылдан кейін Оразкүл Сыздықова ауыл халқының денсаулығына жауапты болды. Фельдшерлік бекет 1982 жылы ауылдық дәрігерлік амбулаторияға айналдырылып, онда білікті дәрігерлер Серік Оразымбетов, Орынкүл Оразымбетова қызмет атқарды. Ал дәрігер Абай Отаров ауылдық дәрігерлік амбулаторияға басшылық жасап, жұмысты жүйелі ұйымдастыра білді. Дәрігер ауыл емханасына көптеген жаңалықтар енгізді. Атап айтар болсақ, ауылдық жерде физкабинет, лаборатория ашылып, 10 төсектік күндізгі стационар ұйымдастырылды. Оның бастамасы елді мекенге тал егіліп, бүгінде ол үлкен баққа айналған. Ол «Абай бауы» деп аталды. Сол арқылы адам денсаулығын жақсарту іс-шараларын жүргізді. Айта берсе, Абай Отаровтың Шіркейлі ауылдық емханасының дамуына қосқан үлесі зор. Одан кейінгі жылдары ауылдық дәрігерлік амбулаторияда фельдшер Пірімжан Спанов, дәрігер Бақыткүл Қабылдаева еңбек етті.
Аудандағы орталық аурухананың даму кезеңдері 1960 жылдармен тұспа-тұс келеді. Олай дейтініміз, сол жылы ауданда індетке қарсы күресу мекемесі ашылып, оған Атқан Эфиндиев басшылық жасады. Сонымен қатар, перзентхана да есігін айқара ашып, ауданның әйел-аналарына жақсы жағдай жасалды. Оған меңгеруші болып, дәрігер Райса Семенова тағайындалды. 1964 жылы аудандық аурухананың 5 төсек саны 50-ге жеткізіліп, сырдариялықтардың ем алуы үшін мүмкіндік молайды. Мұнда 3 дәрігер, 20-ға жуық орта буынды медициналық қызметкерлері халыққа қызмет етті. Ауылдық елді мекен тұрғындарына 2 учаскелік аурухана медициналық қызмет көрсетті.
Жоғарыда атап өткендей, сол жылдары аудандық ауруханада 20-ның үстінде медицина қызметкерлері еңбек етті. Мәселен, Ақтөбе медициналық институтының алғашқы түлектері Кенжебек Бәйімбетов фтизиатр, Сейітхан Дәужанов дерматовенеролог, Қазыбай Иманов пен Әділ Ізтілеуов терапевт, Венера Ізтілеуова гинеколог, Ашкен Балапанов, Марат Тастанбеков, Дина Айсина психиатр, Балтабай Майтанов терапевт болып қызметке қабылданып, ауданның медицина саласының өсіп-өркендеуіне үлестерін қоса білді. Сонымен бірге, 1965 жылы аудандық ауруханаға ЛОР дәрігері Әскербек Төрекеев пен фтизиатр Гүлсім Төрекеева келді. Олардан кейін ауданға Алматының медициналық институтын бітірген алғашқы тіс дәрігері Злиха Шораева келіп, өз мамандығы бойынша тұрғындарға ем-дом жасады. Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар ауданда тәжірибе жинақтап, халықтың алғысына бөленді. Олардың қатарында 1966 жылы аудандық ауруханаға келген Темірбек Мұсабеков бар. Сондай-ақ, дәрігерлер Айсұлу Палымова, Айткүл Досжанова, Астрахан Қожақов, Құдайберген Кәрімов, Әбдіхалық Жолдасбаев, Кеңес Қаржауовтар алғашқы еңбек жолын Тереңөзек топырағынан бастап, аудан медицинасын түлетті.
1969 жылы аудандық аурухананың бас дәрігерлігіне білікті маман Дина Есжанқызы Айсина тағайындалып, аудан медицинасында жақсы жаңалықтар орын алды. Бұл кезеңде балалар, терапия бөлімшелері мен перзентхана жеке мекенжайда салынды. Аудандық аурухана медициналық құрылғылармен жабдықталды. Атап айтқанда, флюография жабдығы алынды. Ол кісі бас дәрігер болып тұрғанда Інкәрдария, Қараөзек елді мекендерінде салалық аурухана ашылды. Ал 1975-1985 жылдар аралығында ауданның бас дәрігері міндетін Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетінің түлегі Сәрсенкүл Танкенова атқарды. Оның басшылығы кезінде аудан балаларын егу бойынша облыста алғашқы орталықтандырылған егу картотекасы ұйымдастырылып, жақсы жағдай жасалды. Оған қоса, аурухананың материалдық базасы нығайды. Медициналық қызметкерлер жаңа емдеу әдістерін тәжірибеге енгізіп, ауруханада мамандар көбейді. Осы жылдардың еншісінде туберкулезге қарсы диспансер жаңа мекенжайға көшіріліп, науқастарға ем-шаралары жүргізілді. Осы уақыт аралығында аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін Ә.Төрекеев, Қ.Кәрімов, А.Қараманов, Ш.Зетов, А.Арғынбаев, Б.Піржанова, С.Ерімбетовтер абыроймен атқара білді.
Өткен ғасырдың соңғы кезеңінде аудан ауруханасын Р.Садықов басқарды. Ол Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі. Бұған дейін Жалағаш ауданындағы Калинин колхозында бас дәрігер, Тереңөзек аудандық ауруханада бас дәрігердің орынбасары болып еңбек еткен. Содан кейін аудан медицинасының тізгінін ұстап, егемендік жылдары халық денсаулығының жақсаруына жарқын бастамаларды жүзеге асырды. Мәселен, 1993 жылы аудандық аурухана 175 орынға арналған жаңа ғимаратқа көшірілді. Ауруханада жаңадан травматологиялық, реанимациалық бөлімшелер ашылып, кардиомонитор, наркоз аппараты, қолдан тыныс алу, флюорограф және рентген, лазерлік терапия аппараттары, медициналық құрылғылар орнатылған. Бұл бөлімшелерде дәрігер Б.Ердәулетов, реаниматорлар С.Көшенова, Б.Мырзахметов, А.Зетовтер жаңа құрылғылармен жұмыс істей бастады.
Жалпы, егемендік алған жылдан бастап ауданның медицина саласында жақсы жаңалықтар мен өзгерістер орын алып, толайым табыстарға қол жеткізілді. Жаңадан медициналық ғимараттар салынды, материалдық-техникалық база толықты.
Ауданда мамандандырылған көмек түрлеріне бетбұрыс жасалып, емханада кардиолог, эндокринолог, травматолог және балалар хирургы мамандықтары бойынша дәрігерлердің науқастарды қабылдаулары ұйымдастырыла бастады.
Сонымен қатар, аудандық ауруханада УЗИ, фиброгастроскоп жабдықтарымен сырқаттарды тексеру жүргізілсе, аудан орталығы мен аудандық елді мекендерде «Жедел жәрдем» бөлімшелері, дәрігерлік емханалар ашылды. Шіркейлі (меңгерушісі А.Отаров), Н.Ілиясов (С.Жүсіпов), Ақжарма (Б.Тажденов), XXI партсъезд, Қалжан ахун (І.Қияқбаев), А.Тоқмағамбетов (З.Шораева, А.Қаражанов) елді мекендеріндегі салалық дәрігерлік емханалар ауыл халқына жоғары деңгейде медциналық қызмет көрсете бастады. Осы тұста, ауыл медициналық оңтайландырып, реформалау саясатына байланысты Н.Ілиясов кеңшарындағы аурухана салалық дәрігерлік емханаға айналдырылған. Ал аудандық ауруханадағы 210 төсек орны 120-ға дейін қысқартылып, оңтайландыру жұмыстары жүргізілді.
1998 жылдан бастап аудандық аурухананы мен басқардым. Өзім Алматы мемлекеттік медициналық институының педиатрия факультетін бітіргенмін. Бас дәрігерлікке дейін ауданда балалар дәрігері, бас дәрігердің балалар мен әйелдерге медициналық көмек көрсету жөніндегі орынбасары, бас дәрігердің әдістемелік істері бойынша орынбасары қызметтерін атқардым. Осы салада еңбек ете жүріп «ҚР Денсаулық саласының үздігі», жоғары санатты ұйымдастырушы дәрігер атанып, көптеген марапаттарға ие болдым.
Жаңа ғасырдың бас тұсында аудандық аурухана мемлекеттік мекемеден шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық (мемлекеттік) кәсіпорын болды. Осы уақыттарда аудандық ауруханада дәмхана, шаштараз, аяқ киім жөндеу шеберханасы, тігін цехы, дәріхана, машина жуу орындары ашылды. Одан бөлек, аурухананың лифтісі жөнделіп, толықтырылып, іске қосылды. Мұның науқастарға көмегі зор екені айтпаса да түсінікті. Медициналық құрылғылардан УЗИ, ФГДС, бронхоскоп аппараты алынып, оларды қолдану үшін мамандар даярланды, жастар біліктіліктерін арттырды. Бүгінде мамандар аудан халқына қызмет көрсетуде.
Менен кейін аудандық аурухананың бас дәрігері міндетін Ж.Баймұрзаев, С.Ерімбет, М.Садықовалар атқарды. Олар сала жұмысының жандануына еңбек етті. Сол кезеңдерде аудандық орталық аурухана мен аудандық емхана біріктіріліп, «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар» Сырдария аудандық орталық ауруханасы болып аталды.
Орталық аурухананы 2017 жылдан бастап Мырзағалиева Нұржамал Жұмағалиқызы басқарып келеді. Бүгінгі таңда аудан медицинасы заманауи талаптарға сай электронды форматқа көшіріліп, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде. «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар» Сырдария аудандық орталық ауруханасы 36 637 тұрғында медициналық көмек көрсетеді. Қазір орталық ауруханада аудандық аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет және 1 медициналық бекет бар. Н.Мырзағалиева басшылық жасап келе жатқан жылдары аудандық ауруханада 5 бөлімше ашылды.
Атап айтар болсам, скрининг өтетін пациенттердің маршруттарын оңтайландыру мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік психологиялық және алдын алу бөлімшесі, шұғыл көмек көрсету бөлімшесі, қабылдау бөлімшесі, оңалту және паллиативті көмек көрсету, гинекология бөлімшесі өз алдында өңірлендірудің ІІ деңгейіне өтіп, халыққа қолайлы жағдай жасалды. Бұл жерде гинекология бөлімшесі өз алдына өңірлендірудің ІІ деңгейіне өтуі, яғни аурухананың перзентхана бөлімшесінде жүктіліктің 34-36 аптасынан бастап босануларды, егіз ұрпақпен босанушыларды, кесарь тілігі отасымен босанушыларды, туғаннан кейін бірден хирургиялық емді қажет етпейтін туа біткен даму ақауы бар жүктілерді және босану күні өтіп кеткен жүктілерді қабылдап, тиісті ем шаралары жасалады.
Осының негізінде аудандық перзентханаға облыстық перинатальдық орталықтан білікті акушер-гинекологтар тартылды. Перзентхана бөлімшесі қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, аудандағы акушер-гинекологтар облыс және республика деңгейінде біліктілік талаптарын арттырды. Соның нәтижесінде, жоспарланған 126 жүкті әйелдің 93-і ауданда босанды. Бұл жақсы жетістік екені сөзсіз.
Ауруханадағы қабылдау бөлімшесінің қайта құрылымдалуы, бұл жер алғашқы медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер мен аяжандармен қамтамасыз етілді. Олар облыс орталығындағы ауруханаларда тәжірибе алмасты. Мұнда №450 бұйрыққа сәйкес «Триаж» жүйесі бойынша кабинеттер ашылып медицналық құрал-жабдықтармен толығып, көмек көрсету жүйеге қойылды.
Ал оңалту және мейіргерлік күтім бөлімшелері тұрғындардың тұрақты ем қабылдауына мүмкіндік ашты. 2018 жылы оңалу бөлімшесіндегі 135 науқас ем қабылдаса, мейіргерлік күтім бөлімшесінде 220 сырқат емделіп шыққан. Сол жылдан бастап аталған бөлімше 35 төсек орынға лайықтандырылып, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы болып қайта құрылымдалған. Бұл бөлімше науқастардың өз-өзіне қызмет жасау қабілетін арттыратын тиімді оңалту шаралары мен ауыр төсектік режимдегі сырқаттар мен оның туыстарына әлеуметтік психологиялық көмек көрсетуді дамытуға жәрдемдеседі.
Бұдан бөлек, аудандық ауруханада диспансеризация кабинеті және мүгедектерді қабылдау кабинеті ашылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау білдірілуде. Бұл тұста, 2020 жылы амбулаториялық оңалту және қалпына келтіру бөлімшелерінде неврологиялық, жүрек-тамыр аурулары бар, жарақаттан кейінгі пациенттерге массаж, физиотерапиялық және парафиндік ем, психолог, логопед қызметтері тегін көрсетіледі. Бұл мүгедектіктің алдын алу бағытындағы жұмыстар, ол адам денсаулығын жақсартуға оң әсер етеді. Бұған Ақтөбе қаласынан, облыстық көпбейінді медициналық орталығынан травматолог, эндоскопист мамандар тартылды.
Жалпы, соңғы жылдары «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша дәрігерлер тапшылығын төмендету жұмыстарында ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Яғни, аудандық емханаға 3 хирург, 2 жалпы тәжірибелік дәрігер, 2 терапевт дәрігер және 1 гастроэнторолог тартылып, көрсеткіш 95 пайызға жеткізілді. Сала жұмысын жүйелі жүргізуге, медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру, біліктіліктерін арттырып, жақсы қызмет көрсету талаптары қойылып, науқас қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде орталық ауруханада көптеген жоғары білімді маман дәрігерлер қызмет істейді. Оның ішінде, науқас жандарға 19 дәрігер ем жасауда. Ауруханада 3 жоғары санатты, І санатты 10, ІІ санатты 1 дәрігер еңбек етуде. Сол секілді 130 орта буын қызметкерлері медициналық қызмет саласында жүр. Олардың қатарында 31 жоғары санатты дәрігер болса, І санатты 32, ІІ санатты 8 ақ халатты абзал жандар халыққа шипасын тигізуде.
Ал медициналық көмектің сапасын көрсету мақсатында 2019 жылы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 79 пайыздан 87,7 пайызға жетті. Атап айтар болсам, 3 жылдың өзінде 300 млн теңгеден астам қаражатқа холтер, СМАД, дефибриллятор аппараттары, ИВА, кардиомониторлар, оңалту бөлімшесіне медициналық құрылғылар, лаборатория анализаторлары мен санитарлық автокөліктер, құрылғылар, лаборатория анализаторлары мен санитарлық автокөліктер алынған. Мұның сала жұмысын жеделдетуге тигізген пайдасы зор. Сонымен қатар, құны 43 млн теңге жаңа жылжымалы флюромашина сатып алынды. Туберкулез ауруларының алдын алу үшін флюрографиялық тексеру жүргізуге жылжымалы автомашинамен медицина қызметкерлері елді мекендерді тұрақты аралайды. Одан бөлек, жылжымалы стоматологиялық кабинет қызметкерлері ауылдарды аралап, тексеру және сауықтыру жұмыстарына атсалысып келеді.
Жоғарыда атап өткенімдей, қазір аурухана жұмысына «Кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесі енгізіліп, электронды форматта қызмет көрсетуде. Бүгінде электронды денсаулық паспортының толтырылуы 96,9 пайызға қамтылды. Бұл жүйе тимділігін көрсетіп отыр. Мәселен, тұрғындар емханаға бармай-ақ аймақтық дәрігердің қабылдауына тіркеліп, үйге дәрігерлерді шақырта алады. Оған қоса, жеке кабинетінен денсаулығына байланысты барлық мәліметті алып, өз денсаулығын тұрақты бақылауға мүмкіндігі қарастырылған. Қазір бұған тұрғындар қалыптасты.
Ел Тәуелсіздігі 30 жылдығына аудандық орталық аурухана негізінде Президент қорынан құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілетін ауданаралық амбулаториялық оңалту және қалпына келтіру орталығын ашу жоспарланған. Мұның да халық денсаулығын жақсарту жұмыстарына тигізер септігі мол.
Аудан медицинасының дамуында есімі ерекше аталатын, аурухана жұмысының ыстығы мен суығына піскен, сала майталмандары, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер дәрігерлер әркез құрмет төрінде. Денсаулық саласының үздіктері Қожабек Сарыбаев, Рүстем Садықов, Кенжебек Бәйімбет, Астрахан Қожақов, Сейітхан Даужанов, Айткүл Досжанова, Шынтас Зетов және тағы басқа сала ардагерлерінің медицина мамандарына берер ақыл-кеңестері көп. Оларға аудандық аурухана тарапынан үнемі құрмет көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, өз саласының білгірі атанып, сала жұмысын жандандырып жүрген медицина қызметкерлері ынталандырылып, түрлі марапаттармен марапатталуда. Бұл сала жұмысының жүйелі жүргізіліп келе жатқанын білдіреді. Оның үстіне медицина мамандарына тұрғындар тарапынан да зор алғыстар айтылуда.
Қорыта айтқанда, аудан медицинасы небір кезеңдерден өтіп, Тәуелсіздік жылдары өсіп-өркендеудің қалыпты жолына түсті. Бүгінгі медицинаның заманауи жетістігі ел егемендігінің арқасы екені хақ. Сондықтан Тәуелсіздігіміз тұғырлы болса, медицина саласы қарқынды дамып, халық денсаулығы жақсаратыны белгілі.
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі