Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Аудан әкімі Руслан Рүстемов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан денсаулық сақтау саласының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Шынтас Ізетовті жетпіс жылдық мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Мерекелік қабылдауда аудан басшысы денсаулық сақтау саласы ардагерінің ауданның өсіп-өркендеуі жолында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткенін атап өтті.
– Сіз Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып, ұзақ жылдар жемісті еңбек еттіңіз. Біліміңізді, тәжірибеңізді ауданның өсіп-өркендеуіне арнап, денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет атқардыңыз. Ауданның бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарған кезіңізде тұрғындарға сапалы медициналық көмектің көрсетілуіне сүбелі үлес қостыңыз. Аудандық мәслихат депутаты ретінде тұрғындардың ұсыныс-пікірін атқарушы билікке жеткізіп, күрделі мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал еттіңіз. Осы еңбегіңіз бен адал қызметіңіздің арқасында абырой биігіне көтерілген Сізге «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл Сізге деген зор құрмет, айрықша ілтипат. Жетпіс жылдық мерейтойға зор абыроймен, құрметпен жетіп отырсыз. Лайым ағайын-туыстың ортасында ауданның ардақты азаматы болып жүре беріңіз, – деген аудан басшысы мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, Құттықтау хат табыс етті.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді. Өз кезегін денсаулық сақтау саласының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Шынтас Ізетов құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

06 қараша 2019 ж. 1 767 0