Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария өзеніндегі су жағдайы мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында қаралады

Сырдария өзеніндегі су жағдайы мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында қаралады

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Сырдария өзеніндегі су жағдайына қатысты жиын өтті. Отырыста облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының м.а Зейнолла Қазтоғанов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Хамит Бейімбетов Сырдарияның су деңгейін көтеру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Сырдария өзенінің сулылығы Тоқтағұл (Қырғызстан) су қоймасында жиналған судың жиналуымен тікелей байланысты. Бүгінде қоймадағы судың көлемі 11,9 млрд.м3 құрап, өткен жылдың осы кезеңінен 2,8 млрд.м3 кем болып отыр.

Қазірдің өзінде 207 көлдің 17-сі толығымен құрғап қалса, қалған көлдердің толуы 50 пайыз шамасында. Осы орайда, ең үлкен Қамбаш көлінің жағалауы (18 мың гектар) 200-300 метрге дейін тартылып қалды.

Биылғы жылдың 11 мамырында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 80-ші отырысынан кейін Шардара су қоймасына келісілген 4084 млн.м3 судың 56,7 пайызы (2319 млн.м3), ал Арал теңізіне келісілген 1 262 млн.м3 судың 15,6 пайызы (199 млн.м3) ғана түсіп отыр.

Бүгінгі күні сыйымдылығы 5,2 млрд.м3 құрайтын Шардара су қоймасында 894 млн. м3 су бар. Қоймадағы судың аз болуына байланысты су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына биылғы жылдың 8 қыркүйегінен 18 қазан аралығында секундына 30 текше метр, 19 қазаннан 23 қазан аралығында 50 текше метр, 24 қазаннан 2 қараша аралығында 65 текше метр су жіберіліп келді.

Бүгінгі күні су қоймасына түсіп жатқан су көлемінің ұлғаюына байланысты ағымдағы жылдың 3 қарашадан бастап өзеннің төменгі ағысына 90 текше метр су жіберілуде.

Қызылорда облысына секундына 114 текше метр су кіруде, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 28 текше метрге кем. Қызылорда су торабынан төмен қарай секундына 76 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 9 текше метрге аз.

Сырдария өзеніне жіберіліп жатқан судың көлемінің төмен болуына байланысты Орталық Азия мемлекеттері басшыларының деңгейінде су ресурстарын тиімді пайдалану, су алу лимиттерімен Арал-Сырдария бассейні су қоймалары каскадының жұмыс режимдерін сақтау және Шардара су қоймасына түсетін ағынды суды ұлғайту мәселесін пысықтау жөнінде Үкіметке тапсырма беру туралы облыс әкімдігімен ҚР Президентінің атына хат жолданды.

Сонымен бірге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Шардара су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі биылғы жылдың қараша айында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 81-ші отырысында қаралады. Мұнда Сырдария өзенінің бассейні бойынша 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, 2021-2022 жылғы вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісуі пысықталады.

Жиын соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова шаруашылық иелері үшін көктемгі егіс уақытына жер асты суын пайдалану әдісін қолдануға қажетті құралдармен қамтамасыз ету жұмыстарын үлестіруді және Сырдариядағы су деңгейіндегі ахуалды күнделікті бақылауға алып, ахуалды баяндап отыруды міндеттеді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта да өзеніндегі су көлемін ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілу қажет екенін атап өтті.
05 қараша 2021 ж. 354 0