Насос қондырғылары көбейтілуде
Қызылорда облысы аумағында тасқын және қашыртқы суларды жинайтын жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл су ресурстарын ұтымды пайдалануға және вегетациялық кезеңде тапшылықтың болмауына мүмкіндік береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов баяндады.
- Облыста 207 көл бар. Көлдердің толымдылығы 52 пайызды құраса, ал 17 көлдің суы тартылған. Су тапшылығын алдын алу үшін облыстық бюджеттен елді мекендерге 43 дана насос қондырғыларын сатып алу және 18 каналға тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, шаруашылық құрылымдары тарапынан 47 насос қондырғы алынды. Қосымша 41 дана насос алынатын болады. Каналдар арқылы су алу режимдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін жұмысшы тобы құрылды, - деді Бауыржан Әліпбайұлы.
- Қазіргі уақытта жоғарыдан түсетін су көлемі болжанған кестеден кем түсуде. Осыған орай, болжамдық жұмыс кестесі қайта жасалды. Шарадара мен Көксарайды қоса есептегенде төменге секундына 500 текше метр су жіберілуде, - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы РММ бөлім басшысы Сейітқасын Әбуов.
- Бүгінде егіске Қызылорда сол жаға магистралді каналы, Әйтек, Қазалы сол жаға және оң жаға магистралді каналдарынан су жіберуге кесте әзірленді. Мұнан өзге, қашыртқы суын қайта пайдалану әдісіне сәйкес шаруашылық құрылымдары өз есебінен насос қондырғыларын орнатып, қашыртқыдан ішкі каналдарға су тасталуда, - деді «ҚАЗСУШАР» РМК Қызылорда облыстық филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаев.