Тақырып арқауы – тәртіп пен тәрбие
Жоғары сынып оқушыларының тәртібі мен тәрбиесі, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы білім беру ұйымдарымен қатар «Jas Otan» Жастар қанатының да назарында. Бұл бағытта жастар ұйымы мектептерде патриоттық кездесулер ұйымдастырып, оқушылармен пікірлесу жұмыстарын өткізіп келеді. Сондай тағылымы мол іс-шара №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектебінде өтті.
Кездесуге аудандық мәслихат депутаты, «Jas Otan» Жастар қанатының аудандық бөлімшесінің басшысы А.Ибрагимұлы, №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектебінің директоры Н.Құрманғалиев, ауылдық учаскелік полиция инспекторы Е.Әбілдаев, ұстаздар мен 11 сынып оқушылары қатысты.
Кездесудің мақсаты туралы айтып өткен орта мектеп директоры Н.Құрманғалиев оқушылардың ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалып жатқанын, оқу жылы барысында теріс бағыттағы мәселелер тіркелмегенін жеткізді. Өз кезегінде «Jas Otan» Жастар қанатының аудандық бөлімшесінің басшысы А.Ибрагимұлы білім алудың, көп тіл меңгерудің, ата-ана сенімі мен ұстаздар үмітін ақтаудың маңыздылығы жөнінде мысалдар келтірді. Сондай-ақ оқушыларға жетістіктің бәрі ізденіспен, еңбекпен келетінін айтып, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға, өнер меңгеруге шақырды.
Кездесуде ауылдық учаскелік полиция инспекторы Е.Әбілдаев кәмелеттік жасқа толмағандар ата-ана қарауынсыз түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде, қоғамдық орындарда жүруге болмайтынын атап өтіп, оқушыларға тәртіпке бағынудың түп негізі тәрбиеде екенін айтты. Ауыл мектебінде білім алушылардың тәрбиесіне жоғары баға беріп, енді санаулы айлардан кейін үлкен өмірге қанат қағатын жастарға сәттілік тіледі.
Оқушылар арасынан сөз алған Нұрай Серiкбаева болашақта журналист болғысы келетінін айтып, алдағы уақытта аудандық газетке мақалалар ұсынатынын жеткізді. Ал Бағжан Тiлепбергенова өзінің оқып жатқан кітаптары туралы ой бөлісті. Патриоттық кездесу соңында орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Ұзақбаева кездесуді ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жұмыстарына жеміс тіледі.
Тәртіп пен тәрбие тақырып арқауына айналған басқосуды аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы қорытындылап, оқу жылы барысында мектеп әкімшілігімен бірлесе тағы да бірқатар іс-шаралар ұйымдастыруға ынталы екенін жеткізді.