Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Әйел бақыты


Өмірде адам үш нәрсенің қадір – қасиетін кезінде біле бермейді. Біріншісі – денсаулықтың қадірі. Денің сау кезде әрқашан осылай аттай шауып жүре беретіндей, ешқашан ауырмайтындай көрінеді. Екінші қадірлі нәрсе – дәулеттің қадірі. Дәулетің, байлығың барда ешқашан мұқтаждық, жоқшылық пен таршылық көрмейтіндей боласың. Үшіншісі болса – ол жақсы жардың қадірі. Иә, барыңды асырып, жоғыңды жасырып, отбасын айрандай ұйытып, отырған әйелдің де, перзенттерін ешкімнен кем етпеймін деп барын салып, сыртынан сүйеу, отбасына мерей болып жүрген күйеудің де қадірін көбі уақытында сезіп, бағалай бермейді.
«Әйел бақытын» тереңнен ойлап, бағамдай қарайтын болсақ, бұл барлық әйелге өмірде бір – ақ рет бұйырған. Ол әйелдің тағдырына иненің жасуындай болып енгеннен, әйел жүрегі қалай соқса, солай сезініп, аялай түсуі керек. Ол үркек көгершін сияқты. Ойың бұзылып, басқа біреудің бағын өзіңдікінен көп көріп, қызғаныш сезімі туа бастаса, күйеуіңді басқа еркектерден сорлы сезіне бастасаң, кеудеңде өзімшілдік, асқақтық ояна бастаса – үркіп, ұшып кетеді.
Ал сүйікті жар болу деген әркімнің арманы.
Әрине кез – келген әйелдің жүрек түкпірінде «мені біреу сүйсе, қадірімді білсе» деген айтыла бермес арман жатады. Сол үкілі үміт пен арманға әйел өзі жол бастап, алғашқы қадамды жасауы керек қой деп ойлаймын.
Еркек пен әйелдің бәрі махаббатпен ыстық сүйіспеншілікпен қосылмайтыны шындық. Өлердей ғашық болып қосылып, үйленген соң бір – бірінен қашып құтылғандар да, жетіп жатыр. Бір – біріне әлде бір есеппен, не сенім артып қосылып кейіннен үлкен сүйіспеншілікпен өмір сүріп, аты аңызға айналған ұлы адамдардың ата – анасына айналып жататындар бар, тарих парағында әкесінің талабымен Ділдәға үйленген Абай, өзі түрмеде отырғанда тамақ тасып жүрген Бәдрисафа есімді жетім қызға аяушылығы түсіп үйленген Ахмет Байтұрсыновтың жұбайлық өмірлері білгенге үлгі. Әкесі Әбубәкірге Зұфнұн деген тәрбиелі қызды атастырып алып бергеннен «қараңғы қазақ көгіне күн болған» Сұлтанмахмұт Торайғыров дүниеге келген.
Ал, біздің бүгінгі пайымдауымызша, Алла бір – біріңді пешенеңе жазып қосылдыңдар делік, әрі қарай осы одақты қалай сақтауды тереңдеп ойлану керек.. Сол ерлі – зайыпты тағдырды мүмкіндігінше екеуі де мойындап, екеуі де сол ошақты өшіріп алмай, қайткенде өсіп - өнеміз деп ұмтылуы керек.
«Әйел бақыты» дегенге әйел ғана ұмтылмай, әрбір ер азамат өз жарын, балаларының анасын қайтсем қуанышты күндерге жеткізем деп алға ұмтылғаны орынды. Құран – Кәрімде ерлі – зайыптылардың өзара міндеттерін айқын баяндады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ; «Естеріңде болсын, сендердің әйелдеріңде, әйелдеріңнің сендерде хақылары бар»; - деген қандай қан қыздырған құштарлықпен қосылса да сезімдері уақыт өте сыйластыққа жалғаспайтын болса, барға қанағат етіп отырмаса отбасының берекесі кетеді. Әрине, ақылға салып көре білсек, өмірден түйгеніміздей. Отбасылық бақыттың басты шарттарының бастылары – шүкіршілік, қанағатшылық деуге болады. Отбасының жүрегі мен тірегі саналатын ерлі – зайыпты тату – тәтті өмір сүрсе, отбасы тілегі – саналатын ұрпақтары да, балалары да бақытты болары сөзсіз. Себебі, өсер ұрпағымыз әке мен шешенің мейірінде, ата мен әженің бауырында, отбасылық сыйластық пен береке – бірлік саясында өседі. Осындай шуақты ілтипатты көрген балалар шаңырақ шайқалуынан, жан күйзелісінен жан дүниесі алшақ болып ер жетеді. Ондай ортада өскен бала өте бауырмал, қоғамшыл әрі еркін деңгейде болады. Болашаққа өз таңдауларын жасағанда, тез шешімге келеді, әрі тәуекелшіл. Көзқарасы нық, мақсаты да биік. Жолы болғыш. Ешкімге өкпесі, реніші де болмайды.
Ал, бүгінгі қоғамда керегі де осындай жүрегі таза, тәуекелшіл ұрпақ. Еліміздің ертеңіне сенім тапсыратын жігері мықтыларда осылардан шығады. Ертеңін ойлаған әр отбасының ата – анасы шаңырағын шайқалтпай, балаларын бауырына өсіріп, мейірім, қуанышқа бөленгені абзал.
Әр адамның бақытқа жетуі өз қолында. Осы жолда өз соқпағымен, тар жол, тайғақ кешуімен қыран құстай биікке самғап келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші. Сол өмірдің пендесі – адам өз өмірінде қандай қуаныш, бақыт, атақ – абырой мен байлыққа кенеліп, рахат өмір көрсе де өсер ұрпағы дұрыс болып өспесе, көргені түстей болып өте шығады.
Ақын шумағында айтылатын «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөзді «Баласы жақсы адамдар, ешқашан қартаймайды» деген ұлағатты сөзбен өзгертіп айтсақ, мәнді мән – мағына беріп тұрғандай емес пе?
«Бала бақытын» тілейтін, өнегелі ұрпақ өсіріп, ортасында қадірлі болып жүрген ата – ананың мерейлі үстем, абыройы асқақ болары сөзсіз. Беделі өсіп, жылыңа жыл, күніне күн қосылып шуақты сәттер көп болады. Әсіресе ана қуанышын, жүрегінің асқақ биікке ұмтылуын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұрпағымның тәуірін көріп, солармен қайта гүлдеп, қайта шалқып жатқаны.
Иә, осындай мерейлі сәттерге жету үшін шексіз еңбек, толағай мейірім, есепсіз махаббат, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат жасау, жетімнің маңдайынан сипап жүру қажет секілді. Сонда ғана, әңгіме арқауы болып отырған «Әйел бақыты» деген қасиетті ұғым, әркімге қона бермейтін көгершін сенің жүрегіңе ұялайтыны аян.

Нағыман Әйтенов,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
13 наурыз 2018 ж. 4 286 0