Махаббат пен Ажырасу
Махаббат пен Ажырасу қастарында тұрған қыз бен жігітке қарап, әңгімелесіп тұрыпты.
Ажырасу Махаббатқа тіл қатады:
- Оларды ажырастырамын, бәстесесің бе?
Сонда Махаббат:
- Тоқтай тұршы, мен оларға бір-ақ рет барайын, кейін өзің қанша қаласаң, сонша барасың, - дейді.
Ажырасу келіседі. Махаббат жас жұпқа барып, оларға қолын тигізді де, көздеріне үңілді.
Екеуінің көзін, ұшқын шарпып өтеді.
Махаббат Ажырасудың жанына келді де:
- Енді сенің кезегің, - дейді.
Ажырасу:
-Жоқ, мен оларға ештеңе істей алмаймын. Екеуінің жүрегі қазір махаббатқа толып тұр. Оларға сосын келермін, - деді.
Жылдар жылжыды. Ажырасу үйдің терезесінен сығалап, сәбиін әлдилеп отырған жас ана мен әкені көреді. Ажырасу бұл жұптың махаббаты таусылғанына сенімді еді. Бірақ олардың көзіне қарап, Алғысты көрді.
Ажырасу:
- Оларға сосын келермін, - деді де, бұрылып кете барады.
Уақыт зырғыды. Ажырасу сол үйге тағы келеді. Үйден жұмыстан шаршап келген күйеуі мен асыр салып ойнаған балаларды көрді, ал анасы балалардың жанында тұр. Ажырасу осы жолы екеуін ажырастыратынына, бек сенімді еді, өйткені Махаббат пен Алғыс жүректерінен өшетін кез келді. Бірақ олардың көзінен Сыйластық пен Түсінісуді көреді.
- Оларға сосын келермін, - деп Ажырасу бұл жолы да, құр қол қайтады.
Араға жылдар салып, Ажырасу тағы келеді. Балалары өскен, қартаюға аяқ басқан әкесі, балаларына бір нәрсе түсіндірумен әлек, ал анасы ас үйде тамақ қамдап жатыр екен. Ажырасу олардың көздеріне үңіліп, Сенімді көреді.
- Оларға сосын келермін, - дейді Ажырасу.
Уақыт өте Ажырасу үйге тағы келеді. Үйде немерелер жүгіріп жүр, ал шашын ақ шалған әйел ойланып отыр.
- Міне, менің де уақытым келген сияқты.
Ажырасу бұл жолы үйде күйеуі жоқтығын көріп қуанады. Ажырастырамын деп ойлайды. Әйелдің көзіне үңілмек болып еді, әйел тұрды да, шығып кетті. Ажырасу әйелдің артынан ілесе береді. Әйел қабірдің жанына келіп, күйеуінің басына жайғасады.
Сонда Ажырасу:
- Е...мен кешігіппін ғоой! Уақыт менің жұмысымды бітіріп қойыпты ғой! - дейді
Сөйтті де, Ажырасу кемпірдің көзіне үңіледі. Жасқа толы көздерден ол: Махаббат, Алғыс,
Сыйластық, Түсінісу, Сенімге деген, өшпейтін мәңгілік Естелікті көреді!