ҚЫЗ СҰЛУ КӨРІНЕР ӘДЕБІМЕН
Мерекеге орай Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы мектепте «Мектеп аруы-2018» байқауы өтті. Ардагер-ұстаз Тортай Қорғанбаеваны еске алу мақсатында өткізілген сайысқа 6 ару қатысып, өз бақтарын сынады.
Байқауда мектеп директоры І.Анафияев сөз сөйлеп, нәзік жандыларды мерейлі мерекемен құттықтады. Тіршілік тірегі болған жандарға әрқашан да құрмет толастамайтынын айтып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Мектеп аруы-2018» байқауы 7 кезеңнен тұрды. Оның алғашқысында арулар өздерін таныстырса, екінші «Өнерім менің – өрісім» кезеңінде өнерлерін көрсетті. Келесі кезеңде салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берсе, төртінші кезең шарты сән үлгісін көрсету болды. Ал бесінші сайыста картопты жылдам аршығандар көзге көрінсе, алтыншы бөлімде ою ойып, қолөнер шебері екендіктерін аңғартты. Ал соңғы кезеңде үй тапсырмасы ас мәзірін дайындаудағы шеберліктерін көрсетіп, лайықты бағаларын алды.
Байқау барысында мектеп оқушылары ардагер-ұстаз Т.Қорғанбаеваға арналған өлеңдерді оқыды. Сондай-ақ, М.Кенжебекова «Қос бәйтерегім», Г.Құрманғалиева «Асыл әжем», Е.Амангелдиев пен Н.Өмірсеріков «Қазақ қызы» әндерін шырқаса, 11-сынып оқушылары әзілдерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Әділ-қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысында Арайлым Базарбава «Мектеп аруы» атанды. Ал Балым Төлепбергенова «Білімді қыз», Наргиз Өмірбекова «Инабатты қыз», Рухият Жұманиязова «Шебер қыз», Тоғжан Жұманиязова «Өнерлі қыз» және Алтынай Қонысбек «Әнші қыз» номинацияларымен марапатталды. Оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Е.БЕРКІНБАЕВ