Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ


Тұңғыш Президент күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы жобаға қатысушыларға әлемде болып жатқан өзгерістер жөнінде айтып, қазіргі жағдайларға бейімделу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ, жаһандық өзгерістер дәуірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігін атап өтіп, оны іске асырудың аралық нәтижелеріне тоқталды.
Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жоба туралы айтып, бұл үрдістің басты мақсатын атап өтті.
– Бүгінде ғылым және мәдениет туралы ақпараттың 70 пайызға жуығы ағылшын тілінде таралады. Біз үш тілде білім беруге көшетінімізді жарияладық. Жастарымыз қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгерген. Латын қарпіне көшу дамып келе жатқан ортақ ақпарат әлеміне енуімізге мүмкіндік береді, – деді Елбасы.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «Жаңа гумани­тарлық білім» және «Туған жер» жобаларының іске асырылу барысына тоқталып, елге, халыққа қызмет етіп жүрген ел азаматтарының ісін үлгі етті.
– Біз егер қазақ тілінің дамуы туралы айтар болсақ, әлемнің үздік білімін ана тілімізде алуымыз керек. «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы аясында үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылған. «Туған жер» жобасы бойынша мынаны айтуға болады. Патриотизм туған үй мен туып-өскен өңірден басталады. Біз кіші Отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз. Қазір елімізде меценаттар туған жеріне барып, балабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, бүгінде осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының халқымыз үшін мәні зор екенін айтып, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының міндеттерін атап өтті.
– Біз әлемдегі киелі жерлер мен олардың тарихы туралы жақсы білеміз. Ал Қазақстанда ондай жерлер жоқ па? Қазіргі кезде осындай киелі 100 орынды анықтау жөнінде міндет қойылды. Олар туристік орынға айналатын болады. Біздің мәдениетіміз бүкіл әлемге танылуға тиіс. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы біздің мәдени байлығымызды дүние жүзіне танытуы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.
– Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылар рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты. Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақ­­стандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыз­дылығын атап өтті.
– Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықтардың дамып, жаһандық үрдістерге бейімделуінің әлемдік тәжірибелері жөнінде ой бөлісті. Кездесу барысында Ұлт Көшбасшысы жобаның барлық қатысушысына табыс тілеп, оларды бұл жетістіктермен шектелмеуге шақырды. Елбасы кездесу аяқталған соң «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушыларға арналған арнайы фотокөрмені аралап көрді.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына дауыс беру «100esim.el.kz» сайтында 18 қазан - 10 қараша күні аралығында өткен болатын. Онлайн-дауыс беруге 302 кандидат ұсынылып, үміткерлер қызмет саласы бойынша 6 санатқа бөлінді. Яғни, ғылым саласында - 45, спортта - 42, қоғамда - 86, медицинада - 46, мәдениетте - 37 және бизнес саласында 46 адам «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткер ретінде тіркелген болатын. Дауыс беруге ұсынылған кандидаттар елдің барлық өңірлерін қамтыды. Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы 102 жеңімпаз анықталды.
Айта кетерлігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың нақты тарихы мысалында табыстылық идеяларын, меритократия мен бәсекелестік принциптерін, білім және прагматизм культын насихаттау және дамыту арқылы қоғам санасын рухани жаңғырту көзделеді.
05 желтоқсан 2017 ж. 2 230 0