Топ-баннер
Топ-баннер2
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

№16 газет

28 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауру асқынбасын десек...

Ауру асқынбасын десек...

Күз мезгілінде жұқпалы вирустық инфекциялар күшіне мініп, біраз әбігерге салатыны бар. Бұл бір жағынан ауа ағынының өзгерісімен түсіндірілсе, сондай-ақ ауа ылғалдылығына орай вирустардың күшеюімен байланысты. Бүгінгі таңда, әсіресе, балалар арасында вирустық инфекция жиі таралып отыр.

Әдетте тұмауға көпшілік селқос қарай­ды. Бірақ аурудың ең қауіптісі осы жұқпалы аурулар деуге болады. Себебі бір сәтте бірнеше адамға жұғатын ауру жан-жаққа көз ілеспес жылдамдықпен таралады. Сол себепті де тұмау белгісі бар адамдардың оқшаулануы құп. Сондай-ақ өз бетінше емделу де қауіпті болуы мүмкін.

Жедел респираторлы вирустық инфек­ция (ЖРВИ) мен тұмауға қатыс­ты эпидемиологиялық ахуал күз бен қыста күр­делене түседі. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын елімізде 4 млн-ға дейін ЖРВИ, 2 мыңға дейін тұмау тіркеледі екен. Дәрігерлер осының өзін қалыпты жағдай санайды. Мысалы, биыл қыркүйектен бастап қазірге дейін елімізде ЖРВИ-дың 1 278 745 жағдайы тіркелген. Бұл – эпидемиологиялық маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға төмен көрсеткіш. 30 қазан мен 30 қараша ара­лығын алсақ, республикада 150 605 ЖРВИ жағдайы анықталған.

Осы орайда аудан көлемінде де жағдай күрделеніп, балалар арасында суық тию ауруы күшейіп отыр. Аудандағы ахуалға орай кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшы­сының арнайы бұйрығын негізге ала отырып, Сырдария аудандық ауруха­насының бас дәрігері Жанар Жұмабаева эпи­демиологиялық жағдайға байланысты кешенді іс-шараларды қолға алуды сала мамандарына тапсырды. Ең алдымен, бас дәрігердің пәрменімен аудандық ауру­ханаға қарасты «Жұқпалы аурулар» бөлімшесінің 18 төсек орнын 60-қа дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар емдеу мекемесінде қажетті дәрі-дәрмектің жет­кілікті деңгейде болуын қамтамасыз ету жоспарланған. Фильтр кабинетінің жұмысын жандандырып, барлық елді мекен бойынша жұқпалы дерттің ал­дын алуға қатысты жұмыс жүргізу тап­сырылды.

– Дәрігердің кеңесінсіз үй жағдайында ем-шара қабылдауға болмайтынын, кез келген дәрі-дәрмекті уақытпен, ретімен әрі нұсқаумен ішпесе бауырға кері әсері тиіп, қанды сұйылтып жіберуі ықтимал екенін ескерткіміз келеді. Керісінше, балалардың бауырына зақым келуі ықтимал. Баланың қызуын түсіретін дәрілерді оңды-солды қабылдаған да дұрыс іс-әрекет емес. Қазіргі уақытта тұмаудан бастап, бірнеше жұқпалы ауру өңі­рімізде өршуде. Осындай қиын уақытта медицина мамандары бірлесе жұмыс атқарады. Барлық науқасқа жағдай жа­салып, дәрі-дәрмек жеткілікті деңгейде болады. Сала мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында жұмыс жүйелене түседі деп сенеміз. Біз үшін әрбір науқас, оның ішінде ана мен бала үйіне аман-есен оралғаны маңызды, – деді Сырдария аудандық емханасының басшысы Жанар Жұмабаева.

Айта кетейік, сала мамандары өз кезегінде білім ошақтарына арнайы барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.



А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөз

18 қараша 2025 ж. 372 0