Аудан әкімі тұрғындарға Үндеу жолдады
Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген даналық сөз бар. Бұл нақыл өзіміз өмір сүріп отырған жеріміздің тазалық мәдениетіне немқұрайлы қарамау керектігін ұғындырады. Яғни, тазалықты сақтау адамның мәдениеттілігін көрсетеді. Сол себепті де тұрғындар тазалыққа әркез тиянақтылық таныту қажет. Мұны әрбір адам өзінің міндеті санауы тиіс.
Санитарлық тазалыққа қатысты жыл сайын тазарту айлықтары жүргізіледі. Соның нәтижесінде көше бойы күл-қоқыстан арылып, тұрғылықты жер тазарады. Оған аудандағы мемлекеттік мекеме мен бөлім қызметкерлері атсалысуда. Әрбір сенбіліктер сайын мекеме қызметкерлері бекітілген көше бойына тазарту жұмыстарын жүргізеді. Бұл тұрғылықты жердің тазалығын сақтап, таза ортада өмір сүруімізге септігін тигізуде.
Осы орайда, аудан тұрғындары тазалық тұрғысында жауапкершілікті сезінгені жөн. Өйткені, туған жердің таза әрі тартымды болуы өзімізге тікелей байланысты. Оның үстіне жалпыхалықтық сенбіліктерге мекеме қызметкерлерінен бөлек тұрғындардың тұрғылықты жерді тазарту шараларына белсенді атсалысатыны байқалмайды. Сондай-ақ қоғамдық ортаны таза ұстауда жергілікті кәсіпкерлер де немқұрайлылық танытуда. Соның салдары өмір сүріп отырған ортамыздың ластануына әкеліп соқтыруда. Бұған жол бермей, аудан халқы санитарлық тазалыққа аса мән беруі қажет. Себебі, тазалық – баршаға ортақ.
Жалпы, «Тазалық – мәдениеттілік өлшемі» десек, біз айналаны таза ұстауды әдетке айналдыруға тиіспіз. Сонда ғана өркениетті қоғамға қарай бет түзейміз. Аудан орталығы мен елді мекендердегі көше тазалығына жауапкершілікпен қарап, көркейту жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізгенде азаматтығымызға сын болмасы анық. Әркім есік алдын, жүрген жерін, көше бойын таза ұстаса, денсаулыққа кері әсері болмайды.
«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан сырдариялықтарды туған жер тазалығын сақтауға шақырамын.
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі
Сырдария ауданының әкімі