Санаға сілкініс қажет
Күз мезгіліндегі аудан елді мекендерін санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығы 7 қыркүйек пен 9 қараша аралығында өткізіледі деп бекітілді. Соған орай аудан көлемінде тазарту жұмыстары жүріп, сенбіліктер ұйымдастырылды. Екі айға жуық уақыт ішінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарынан кейін аудан орталығы, елді мекендер тазарып қалды. Осы уақыт ішінде сенбіліктерге шыққан тұрғындар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ағаш түптерін, жол жиегін әктеді, тазалық шарасына бір кісідей атсалысты. Жалпыхалықтық сенбіліктерде көше бойы күл-қоқыс, шөп-шаламнан тазарып, көркейту жұмыстары жүргізілді.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін елді мекендерде 7 сенбілік ұйымдастырылып, оған жеті мыңға жуық адам қатысқан. Соның нәтижесінде 37,4 шақырым арықтар тазартылып, барлығы 234 текше метр күл-қоқыс шығарылыпты. Сонымен қатар «Ағаш отырғызу» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан елді мекендерінде 1300 көшет ағашы отырғызылған. Бұл тиісінше ауданның көркеюіне септігін тигізді.
Жалпы, әр сенбілік сайын әрбір мекеме, бөлім қызметкерлеріне тазарту аймағы белгіленіп беріледі. Сол бойынша мекеме, бөлім қызметкерлері тазарту жұмыстарына атсалысып, тұрғылықты жерді көркейтуге үлес қосады. Дегенмен мұндай іске көше тұрғындарының енжарлық танытуы қынжылтады. Көпшіліктің көкейінде «бәрін әкімдік немесе мекеме қызметкерлері тазартады» деген кереғар түсінік қалыптасып қалған. Сенбіліктерде көше бойын тазарту жұмыстарына бір кісідей атсалысқанда аудан аумағы таза болары сөзсіз.
Е.БЕРКІНБАЕВ