Қырым-Конго геморрагиялық безгегі – қауіпті инфекциядан сақтану жолдары
Қырым-Конго қанды геморрагиялық безгегі (ҚҚГБ) — өте қауіпті жұқпалы вирустық ауру. Ауру адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін және тез арада медициналық көмекті қажет етеді.Аурудың негізгі жұғу жолдары:
кене шағуы арқылы;
ауыл шаруашылығы жануарларының (сиыр, қой, ешкі) қаны немесе биологиялық сұйықтықтары арқылы;
науқас адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде (қан, сұйықтықтар арқылы);
Инкубациялық кезеңі:
1–14 күн аралығы
Негізгі белгілері:
кенеттен дене қызуының көтерілуі (39–40°C);
қатты бас ауруы, әлсіздік;
бұлшықет және белдің ауруы;
жүрек айну, құсу;
мұрыннан, қызыл иектен, ішкі ағзалардан қан кету,
теріде қанталаулар;
Аурудың қауіптілігі:
ҚҚГБ ауыр түрде өтіп, асқынған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болған сәттен бастап дереу дәрігерге қаралу өте маңызды.
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұрғындарға төмендегідей кеңес береді:
– Аурудың табиғатқа шыққанда, мал бағу, сою, малды сауу, мал қырқымы, бақша егу, отын-шөп дайындау жағдайларында кене шағу, жабысу, кененің қанымен тікелей қатынаста болу арқылы жұғатындығын ескеру;
– далалық жұмыстарда, мал шаруашылығында, саяжайда демалғанда кенеден сақтану үшін жабық, жеңі ұзын киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, дененің ашық жерлерін толық жабу. Әрбір сағат сайын денеде кененің бар-жоқтығын қарап, тексеріп отыру;
– далалық аймақтарға шыққанда кенені жуытпайтын үркіткіш заттарды (репеллент) қолдану;
– мал жүнін қырқу, мал сою кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтап, қолға резеңке қолғап кию;
– кене шаққан жағдайда кенені жалаң қолмен ұстамау керек, оны қысқашпен қатты қыспай (кенені езіп алмас үшін), абайлап, ұқыпты (теңселтпей, жұлқыламай) тартып алып, орнын 5 проценттік йодтың спирттегі ерітіндісімен немесе 70 проценттік спиртпен сүрту қажет. Кене шаққан адам тез арада міндетті түрде медициналық мекемеге қаралып, тиісті медициналық көмек алуы тиіс. 14 күн бойы амбулаторлы түрде дәрігердің бақылауында болып, аурудың белгілері (әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшық еттердің ауруы) байқалған уақытта міндетті түрде дереу дәрігерге қаралу;
– мал басын кенеге қарсы өңдеуден өткізу, кенелердің жұмыртқалайтын орындары мал қораларын қидан, көңнен тазалау, қатты тұрмыстық күл-қоқыстарды арнайы полигондарға шығару қажет
Есіңізде болсын:
Уақтылы медициналық көмек — өмірді сақтайды.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз! Денсаулыққа бейжай қарамаңыз!
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы










