Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Сырдария ауданының әкімі: «Тазалық – мәдениеттілік өлшемі»

Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Сырдария ауданының әкімі: «Тазалық – мәдениеттілік өлшемі»

Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында  тазалық сақтауға қатысты аудан тұрғындарына Үндеу жариялады. 

Құрметті аудан тұрғындары!

Өмір сүріп отырған қоршаған ортаны, тұрып жатқан көше бойын, есік алды ауланың тазалығын сақтаудың адам денсаулығына тигізер пайдасы көп. Бұл ретте, тазалықты сақтау адамның мәдениеттілігін көрсететіні белгілі. Яғни, тазалыққа әркез тиянақтылық таныту қажет. Мұны әрбір адам өзінің міндеті санауы тиіс.

Санитарлық тазалыққа қатысты жыл сайын тазарту айлықтары жүргізіледі. Соның нәтижесінде көше бойы күл-қоқыстан арылып, тұрғылықты жер тазарады. Оған аудандағы мемлекеттік мекеме мен бөлім қызметкерлері атсалысуда. Әрбір сенбіліктер сайын мекеме қызметкерлері бекітілген көше бойына тазарту жұмыстарын жүргізеді. Мұның тұрғылықты жердің тазалығын сақтап, таза ортада өмір сүруімізге септігін тигізуде.

Осы орайда, аудан тұрғындары тазалық тұрғысында жауапкершілікті сезінгені жөн. Өйткені, туған жердің таза әрі тартымды болуы өзімізге тікелей байланысты. Оның үстіне жалпыхалықтық сенбіліктерге мекеме қызметкерлерінен бөлек тұрғындардың тұрғылықты жерді тазарту шараларына белсенді атсалысатыны байқалмайды. Сондай-ақ, қоғамдық ортаны таза ұстауда кәсіпкерлер де немқұрайлылық танытуда. Соның салдары өмір сүріп отырған ортамыздың ластануына әкеліп соқтыруда. Бұған жол бермей, аудан халқы санитарлық тазалыққа аса мән беруі қажет. Себебі, тазалық – баршаға ортақ.

Жалпы, «Тазалық – мәдениеттілік өлшемі» десек, біз айналаны таза ұстауды әдетке айналдыру керекпіз. Сонда ғана өркениетті қоғамға қарай бет түзейміз. Аудан орталығы мен елді мекендердегі көше тазалығына жауапкершілікпен қарап, көркейту жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізгенде азаматтығымызға сын болмасы анық. Әркім есік алдын, жүрген жерін, көше бойын таза ұстаса, денсаулыққа кері әсері болмайды. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан сырдариялықтарды туған жер тазалығын сақтауға шақырамын.
02 қараша 2020 ж. 572 0