Тазалық сақтамағандар қанша айыппұл төлейді?
Тазалыққа әркез тиянақтылық қажет. Мұны әрбір адам өзінің міндеті санауы тиіс. Себебі қоршаған орта ластанғанда оның адамзатқа тигізер залалы мол. Сондықтан тұрғындар ауыл-аймақ, көше, ауланы таза ұстағаны абзал.
Санитарлық тазалыққа қатысты жыл сайын тазарту айлықтары жүргізіледі. Соның нәтижесінде көше бойы, су жолдары күл-қоқыстан арылып, тұрғылықты жер тазарады. Оған аудандағы мемлекеттік мекеме, бөлім қызметкерлері, сондай-ақ тұрғындар атсалысуда. Тазалықты сақтауға тек сол бекітілген тазалық айлығында ғана емес, әр күн сайын дағдыланған жөн. Оның қоршаған ортаның ластанбауына тигізер ықпалы зор. Сайып келгенде, қоғамда тазалықты сақтау адамның мәдениеттілігін көрсетеді. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген нақыл содан қалса керек.
Көше мәдениетін сақтамай, тазалыққа немқұрайлы қарайтындарға әкімшілік жаза қолданылады. Атап айтқанда, белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықты тастағандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылады. Онда «Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады» делінген. Осыған орай, аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылдың есепті мерзімінде сот шешімімен сырдариялық 5 азаматқа әкімшілік жаза қолданылған. Олар белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдық тастап, сол әрекеті үшін 8838 теңгеден айыппұл төлеген. Яғни көшені ластағаны үшін тиісті шара қолданылған. Құқық қорғау қызметкерлері мұндай әрекетке барғандар жазасыз қалмайтынын айтады.
Жалпы қоғамдық орында тазалыққа қатысты арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұрады. Сол арқылы санитарлық тазалыққа немқұрайлы қарайтындар өз жазасын алуда. Түптеп келгенде, қоршаған ортаның ластануы денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Сондықтан жан-жағымызды жинастырып, тазалыққа ұқыпты болғаннан ұтарымыз көп.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ