Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облыстық мәслихаттың кезекті 2 сессиясы өтті

Қызылорда облыстық мәслихаттың кезекті 2 сессиясы өтті

Кеше VII шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 2 сессиясы өтті. Нұриддин Әмитов төрағалық еткен сессияда алдымен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов мәслихаттың биылға арналған жұмыс жоспарын айтты.  Онан кейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменовтың  есебі тыңдалды, деп хабарлайды Syrboyi.kz

Басқарма басшысының баяндауынша, облыстық коммуналдық меншікке 221 су шаруашылығы нысаны алынған. Олар­ды тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Былтыр 12 канал тазаланып, жөндеу жұмыстары жүр­гізілген. Соның  4-уі «Жұмыспен қамту­дың жол картасы» аясында атқарылған.

– Ұзындығы 95,4 шақырым канал таза­ланып, олардың бойындағы 9 гидро­техникалық құрылғы жөнделді. Нәти­жесінде елді мекендерде 800 гектар  бау-бақша және көкөніс дақылдарын егуге, 2200 гектар жайылымдық, шабындық жерлерді суландыруға жағдай жасалды.  Сонымен бірге, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мақсатында 6 насос қондырғысы облыстық бюджеттен сатып алынды,– деді ол.

Жалпы, елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз етуде былтыр маусым айында қабылданған облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жос­па­рына сәйкес биыл 6 нысанға су шаруа­шылығы жұмыстары жүргізілетін болса, барлығы 43 насос қондырғыларын алу жоспарланған. Оған облыстық бюджеттен 842 млн теңге қаралған.

Суармалы жерлерді қалпына кел­тіру мақсатында да тиісті жұмыстар атқарылуда.

–       Атап айтқанда, 2019 жылдан бас­тап жалпы құны 9,3 млрд теңге болатын «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының ІІ фазасы (ПУИД-2 жобасы) іске асырылуда. Жобаға сәйкес былтыр 2,2 млрд теңгеге Жалағаш ауданында 15,1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасатын болады.  Сонымен қатар, апаттық жағдайда тұрған «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту жұмыстары былтыр басталды. Оған қоса, былтыр Жаңақорған ауданында «Жиделі» су қоймасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, «Қараөзек», «Күміскеткен» су қоймаларын салудың және «Көкарал» бөгетінің беріктігін қамтамасыз етудің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деді басқарма басшысы.

Осы орайда Бауыржан Шәменов балық шаруашылығының даму барысына да тоқталды.

– Облыс бойынша балық шаруа­шылығында маңызы бар Кіші Арал теңізі мен 207 көл тізімге алынған. Бүгінде аймағымызда 18  түрлі балық аулануда. Жылдық қуаттылығы 12,5 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 4 зауытта еуропалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еврокод»  бар. Былтыр облыста 8760,2 тонна балық ауланды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 процентке көбейген. Сондай-ақ, былтыр 4302,9 тонна балық өнімдері 9 шет мемлекетке экспортталды, – деп атап өтті ол.

Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 6,5 млн гектарды құрайтын болса, оның 3,1 млн гектары – орманды алқап. Оның 89 процентін негізгі орман құраушы сексеуіл ағашы алып жатыр екен.

–       Былтыр мемлекеттік орман қоры жерлерінде 11,3 мың гектар орман отырғызу жұмысы жүргізілсе, соның 6,3 мың гектары – Арал теңізінің құрғаған ұлтаны, – деді басқарма басшысы.

Ал облыс аумағында түрлі қал­дық­тарды тасымалдау, жинақтау, қайта өңдеу және жою саласында 40-тан астам кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді екен. Былтыр жинақталған 117 мың тонна қалдықтың 21 мың тоннасы немесе 18 проценті қайта өңделген.

Облыс тұрғындарының 70,8 проценті қал­дықтарды тасымалдау қызметімен қам­тылған. Былтыр Қызылорда және Арал қалаларында жаңа полигондар іске қо­сылды. Алдағы уақытта Жалағаш, Сырдария, Шиелі және  Жаңақорған аудан­да­рын­да жаңа полигондар салу жоспарда бар.

Басқарма басшысының баяндамасынан соң депутаттар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, депутат Аманжол Оңғарбаев Қамбаш көлінің кейінгі кездегі жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, тартылып бара жатқан көлді құтқарудың маңыздылығын жеткізді.

– Біз қолымыздағы құдай берген ба­й­­­­лы­­ғымыздан айырылғалы отырмыз. Екі жыл­дан бері су тамбаған «Қамбашқа» көз­­қарасымыз әлі дұрыс қалыптасқан жоқ. Үкіметке ұсынған хаттан басқа қол­­дан келер не амал бар? Бұлай кете бер­се, көлден айырыламыз. Қазірдің өзін­де 250-300 метрге шегінді. Ал біз кеше партиямыздың бағдарламасында ішкі туризмді дамытамыз, «Бәйгеқұм» мен «Қамбаштан» көптеген демалыс орын­дарын саламыз деп халыққа уәде бердік. Осы орайда халыққа не айтамыз? «Қамбашты» құтқару үшін не істей аламыз, әлде осылай қарап отыра береміз бе? – деп алаңдаушылық білдірді. 

Әріптесінің бұл ойын депутат Сәрсенкүл Бихожа да құптады.

– Қазір технология дамып, жасанды көл­дер, жасанды бақтар пайда болып жатқанда, біз қолда барды ұқсата алмай отырғанымыз шынында да ойланарлық жағдай. «Қамбаш» көлінің жағдайы облыс халқының жанайқайы деуге болады. Туризмді дамытамыз десек, осы көлді сақтап қалуды ойлануымыз керек. Осыған жауапкершілікпен қарауымыз қажет, – деді ол.

Ал Қылышбай Бисенов Арал табанына тек сексеуіл егумен шектелмей, жан-жақты ізденіп, басқа да өсіруге болатын өсімдік түрін қарастырса деген ұсынысын жеткізді.

Сессияда сонымен бірге «Облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы», «Облыста іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік жобаларының тізбесін бекіту», «Шиелі ауданы бойынша білім бөлі­мінің №142 орта мектебіне Базарбек Қаш­қынбаевтың есімін беру жөніндегі ұсынысты енгізу туралы» мәселелер қара­лып, талқыланды. Ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.
18 наурыз 2021 ж. 470 0