Коммуналдық саланың маманы
Қоғам тіршілігінің қалыпты жүруі – көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды саладағы еңбек адамдарымен тығыз байланысты. Соның бірі – су шаруашылығы. Таза ауызсумен қамтамасыз ету – халықтың тұрмыс сапасының басты көрсеткіштерінің бірі болса, осы жауапты істі абыроймен атқарып жүрген жанның қатарында «Сыр суы» филиалына қарасты Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі жұмысшысы – Әбдіразақ Әлиакбаров бар.Осыдан 52 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүниеге келген Әбдіразақ Амангелдіұлы мектепті аяқтағаннан кейін колледжде білім алып, дәнекерлеуші мамандығын меңгереді. Ол алған кәсіби білімін тәжірибемен ұштастырып, еңбек жолын осы мамандықтан бастаған. 2012 жылдан бері Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында өз ісіне деген адалдығы мен жоғары жауапкершілігінің арқасында әріптестері арасында зор беделге ие болып, білікті маман ретінде қалыптасты.
Су жүйесіндегі сан түрлі ақауды дер кезінде анықтап, сапалы жөндеу жұмысын жүргізу – оның күнделікті тәжірибесіне айналған негізгі міндеттің бірі. Әбдіразақ Амангелдіұлының айтуынша, қандай жұмыс болсын, ең бастысы – жауапкершілік пен адалдық.
– Әр адам өз ісіне немқұрайлы қарамауы керек. Халыққа қызмет ету – үлкен сенім. Сол сенімді ақтау үшін әрдайым тиянақты жұмыс істеу қажет. Қиындығына қарамай, еңбекті жақсы көрсең ғана нәтиже болады. Мен Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінде қызмет ете жүріп, саланың қыр-сырына қанықтым. Адалынан еңбек ете білген адам өз еңбегінің жемісін көретіні мәлім. Күнделікті жұмыс барысында әріптестеріммен бірге апаттық жағдайлардың алдын аламыз. Әрине, басшылық тарапынан тапсырылған жұмысты ыждағаттылықпен орындап, халыққа сапалы қызмет үлгісін көрсетеміз. Расында, халықты ауызсумен толықтай қамтамасыз ету жолында аянып қалмасымыз анық, – дейді кәсіби маман.
Жалпы алғанда, Әбдіразақ Әлиакбаровтың еңбек жолындағы басты ерекшелігінің бірі – оның кез келген уақытта қызметке дайын тұратындығы. Күн демей, түн демей, аяқ астынан орын алған апат кезінде бірінші болып жұмысқа шығып, ақауды қалпына келтіруге атсалысады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, аптап ыстықта да, қақаған аязда да өз міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. Ауызсу құбырында ақау туындаса, оны дер кезінде жөндеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Себебі әрбір үйдің тіршілігі, әрбір отбасының күнделікті қажеті осы жүйеге тікелей байланысты. Осындай сәттерде уақытпен санаспай еңбек ететін жұмысшының еңбегі – шын мәнінде құрметке лайық.
Еңбек еткен адам елеусіз қалмайды. Әбдіразақ Әлиакбаров та өз еңбегінің нәтижесінде «Жыл үздігі – 2023» номинациясын иеленіп, сан түрлі Алғыс хатпен марапатталған. Бұл – оның кәсібіне шынайы берілгендігінің айқын дәлелі. Отбасында ол – үлгілі әке, ардақты ата. Үш қыз тәрбиелеп өсірген жан бүгінде немере сүйіп отырған бақытты азамат. Жұмыстағы жауапкершілік пен отбасындағы жылылықты қатар алып жүрген оның өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен қарапайымдылық.
Қоғамның дамуы – осындай еңбек адамдарымен өлшенеді. Көзге көріне бермейтін, бірақ күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған олардың еңбегі – ел игілігінің негізі. Біздің кейіпкеріміз – Әбдіразақ Амангелдіұлы секілді өз ісіне шын берілген маман. Ардақты азамат қандай құрметке болса да лайық екені даусыз. Осындай білікті мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында тұрғындар таза ауызсумен қамтылып, өмір сапасы арта түсуде.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА










