Өнерге қанат қаққандар
Өнер – жұтамас байлық. Өнер – адамзаттың рухани болмысының айнасы, жүрек пен сезімнің тілсіз сөйлейтін үні. Қай дәуірде, қай қоғамда болсын, ол адамның ішкі жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтетін, өмірге деген көзқарасын тереңдететін құдіретті күш ретінде бағаланған. Бүгінде аудандағы Өнер мектептерінде талантты, талапты оқушылар білім алып келеді. Өнер көгінде жұлдыздай жарқыраған өнерпаздардың есепті концерті өтті.Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараға өнерсүйер қауым, ата-аналар, ұстаздар мен құрметті қонақтар қатысты. Сахна төрінде өнерпаздар жанды дауыста өнер көрсетіп, би билеп, көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл кеш – жас өнерпаздардың бір жыл бойы жинаған білімі мен еңбегінің жемісі, сондай-ақ шығармашылық жетістіктердің жарқын көрінісі болды. Концертке Сырдария аудандық өнер мектебі және Шаған, Аманкелді, Шіркейлі ауылдық өнер мектептерінің оқушылары қатысып, өз таланттарын паш етті.
Айта кететін жайт, барлығы 220 оқушы сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Домбыраның күмбірлеген үні, қобыздың сырлы сазы, сырнай мен труба әуені, дәстүрлі ән мен вокал, сондай-ақ фортепиано мен скрипка әуендері кештің шырайын кіргізді. Хореография жанрындағы билер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

– Жас өнерпаздардың әрбір өнері – олардың талпынысы мен ұстаздарының тынымсыз еңбегінің айғағы. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы ұлттық өнеріміз жаңғырып, жас буынның өнерге деген қызығушылығы арта түсетіні сөзсіз. Бүгінгі таңда да өнердің қоғамдағы орны ерекше. Әсіресе жас ұрпақтың бойына эстетикалық талғам мен рухани құндылықтарды сіңіруде оның маңызы зор. Өнерге баулу – тек белгілі бір дағдыны үйрету емес, ол – тұлғаның жан-жақты дамуына жол ашатын тәрбие құралы. Осы ретте өнер мектептері жас дарындардың қабілетін шыңдап, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға үлкен үлес қосып келеді. Біздің білім ордамыз – болашақ өнер жұлдыздарының алғашқы баспалдағы, арманға қанат бітірер қасиетті ортасы, – дейді аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақасов.
Сахна шымылдығы мектеп мұғалімдерінен құрылған ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Қазанғаптың «Ақжелең» күйімен түрілді. Одан соң өнерпаздардың попурри, дәстүрлі ән, ұлттық нақышты күмбірлеген күйі, түрлі ұлттың биі кезегімен көрініс алды. Сондай-ақ облыстық, республикалық өнер байқауларының лауреаттары өнер көрсетті. Ең бастысы, барлығы жанды дауыста, ұлттық нақышқа негізделген концерт көрерменнің бір сәт ой сергітіп, әдемі сезімге бөленуіне серпін берді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сырдария ауданында төрт өнер мектебі жұмыс жасайды. Биыл Сырдария өнер мектебінің құрылғанына 55 жыл толады. Өнер ордасы сонау 1971 жылы ашылған. Бүгінгі күнге дейін аталған мектепті 756 түлек бітіріп шығыпты. Ал Шаған ауылдық өнер мектебі 1980 жылы ашылған. Одан кейін Аманкелді ауылдық өнер мектебі 2013 жылы құрылса, ең жас өнер мектебі, Шіркейлі ауылдық өнер мектебі, ол 2016 жылы жұмысын бастады. Аталған мектептерде қазіргі таңда 790 бала домбыра, қобыз, сырнай, дәстүрлі ән, фортепиано, скрипка, хореография, вокал, шертер, труба жалпы саны 10 мамандық бойынша білім алуда. Айта кететін жаңалық, алдағы оқу жылынан бастап аталған білім ордасында саксафон сыныбын ашу жоспарлануда. Оларға жоғары және арнаулы орта білімді 72 мұғалім дәріс беруде. Өнерлі түлектер қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде өнер-білім, тағы басқа салаларда еңбек етіп жүр. Бүгінде мектеп түлектері жоғары оқу орнын бітіріп, өз ұстаздарымен әріптес атанып, бірге қызмет атқарып жүргенін де айтып өтуге болады.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған кеш өз мәресіне жетті. Өнерпаздар көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Осындай концерттер – тек есеп беру іс-шарасы емес, еңбек пен ізденістің, талпыныс пен табандылықтың жарқын көрінісі деуге негіз бар. Сахна төрінде орындалған әрбір шығарма, әрбір қимыл мен әуен – жас өнерпаздардың жүрек сыры, көрерменге жол тартқан шынайы сезімнің көрінісі болды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










