Батыр ауылындағы сөз сайысы
Аптаның сәрсенбісінде Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінде Нағи Ілиясов ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай «Елдің тарихы – ердің ерлігі» тақырыбында аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Тағылымы мол іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төрәлиев, орталық кітапхананың директоры Рүстембек Бәйділдаев, еңбек ардагерлері қатысты.Республикадағы үздік ауыл санатына кіретін іргелі елді мекен мен Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовты еске алуға арналған аудандық мүшәйра ауылдық кітапхананың ұйымдастыруымен жүзеге асты. Сөз сайысында аудан бойынша Тереңөзек кенті мен бірнеше елді мекеннен келген 11 ақын бақ сынады. Ең алдымен, мүшәйраға қатысушы әрбір талапкер ауылдың 60 жылдық мерейтойына өлең арнаса, екінші кезеңде даңқты батырдың еңбек жолын, туған топырағында еткен еңбегін жырға қосты. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төрәлиев, орталық кітапхананың директоры Рүстембек Бәйділдаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Төребеков, қоғамдық кеңес төрағасы Нұрмағанбет Қуандықов сөз сөйлеп, ақжарма тілегін жеткізді.
– Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов – ел тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның майдан даласындағы ерлігі мен жанкештілігі – нағыз отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Қан майданда қауіп пен қатерге қарамастан, Отан үшін басын бәйгеге тігіп, батылдық пен табандылықтың биік үлгісін көрсетті. Мұндай ерлік – тек бір адамның ғана емес, тұтас бір ұрпақтың рухын айқындайтын қасиет. Нағи Ілиясовтың есімі бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын тарихи тұлға ретінде бағалы. Оның ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі болып, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттыра түседі. Ал ауылдың 60 жылдық мерейтойы – бұл тек уақыт белесі ғана емес, өткенге тағзым, бүгінгі жетістіктерді бағалау және болашаққа нық қадам басудың көрінісі. Осы жылдар ішінде ауыл тұрғындарының бірлігі мен еңбегінің арқасында талай жетістікке қол жеткізілді. Бұл мерейтой – аға буынның еңбегіне құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін маңызды тарихи сәт. Қашанда ауылды құру жолындағы азаматтардың еңбегі ескерусіз қалмайды. Қазіргі Нағи Ілиясов ауылы 5 туристік ауылдың санатына кіріп, мәртебесі арта түсуде. Бүгінгі мүшәйрада өзара мықтыны анықтайтын ақындарға сәттілік тілеймін, – деді Жеңісбек Үсенұлы.
Айта кетейік, жазба ақындар мүшәйрасында аманкелділік Данияр Уәлиев пен Жомарт Ахметов, ақжармалық Сымбат Қалмағанбетова мен Ақмарал Айқынбаева, нағилық Жанерке Байсынова мен Нұрбақыт Мұқамедқали, тереңөзектік Нұрсұлтан Сүйіндіков, шіркейлілік Биболат Опабеков, айдарлылық Салтанат Торғаева, сәкендік Гүлсім Жоламанова сахна көркін қыздырды. Ақындардың өнеріне аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қазылар алқасының мүшесі Төребек Жұмабеков, Сырдария аудандық кітапханалар жүйесінің әдіскері Раушан Құлмаханова төрелік етті.
– Нағи Ілиясов ауылының қалыптасу жолы да – еңбек пен бірліктің жарқын көрінісі. Кезінде қарапайым елді мекен ретінде іргесі қаланған ауыл уақыт өте келе тындырымды тірлік пен маңдай тердің арқасында өсіп-өркендеді. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы, аға буынның қажырлы еңбегі, кейінгі ұрпақтың білімге ұмтылысы бұл өлкені жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылы – көркейген, заманауи келбетке ие, инфрақұрылымы дамыған елді мекендердің бірі. Таза көшелер, еңселі ғимараттар, жаңарған әлеуметтік нысандар – мұның барлығы ауылдың гүлденгенінің айқын дәлелі. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының бірлігі мен туған жерге деген сүйіспеншілігі сақталған. Осындай жетістіктер – өткеннің тәжірибесі мен бүгінгі еңбектің нәтижесі. Бұл ауыл – тарихы тағылымға толы, болашағы жарқын мекен. Майдан даласынан оралғаннан кейін Нағи Ілиясов ауылдың іргесін бекітіп, қайта құруға барын салды. Еңселі еңбектің арқасында өз уақытында ауыл халқы толайым табысқа қол жеткізді. Әрбір көшесінде қайраткер тұлғаның ізі сайрап жатыр. Бүгінде өзіміздің ауылдың азаматы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев – ел дамуына сүбелі үлес қосқан, табанды еңбегімен көпке үлгі болған тұлға. Оның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері, еңбекке деген адалдығы мен жаңашылдығы туған өлкенің өркендеуіне ерекше серпін берді. Осындай азаматтардың арқасында ауыл еңсесі көтеріліп, халықтың тұрмыс сапасы жақсара түсті, – деді Жұмабек Төребекұлы.
Нағи Ілиясов ауылдық кітапханасының кітапханашысы, саланың майталман маманы Сәуле Найзатаеваның бастамасымен «60 жылдыққа – 6 қадам» тақырыбында жоба қолға алынған. Бұған дейін «Ерлік пен еңбектің өшпес өнегесі – Нағи Ілиясов» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылса, денсаулық сақтау саласының ардагері, білікті маман Сәрсен Олинова ауыл халқымен кездесіп, кеңес берді. Алдағы уақытта «60 жыл – 60 арман» атты ауыл тұрғындарының лебізіне арналған ашық микрофон айдары, «Ауылымда ізі қалған ұлы есімдер» жобасы аясында Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбектің ері» тақырыбында еске алу сағаты, жазушы Танаш Дәуренбековтің балаларға арналған шығармалары бойынша ЖИ мен буктрейлер байқауы ұйымдастырылады. Аудандық мүшәйраның өткізілуіне даңқты батырдың ұлы Болат Ілиясов қолдау көрсетті. Өз кезегінде ЖИ арқылы бейнеролик көрсетіліп, ауыл өнерпаздары жиналған жұртшылықты өнерімен тәнті қылды.
Аудандық мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені Биболат Опабеков, І орынды Данияр Уәлиев, ІІ орынды Гүлсім Жоламанова, ІІІ орынды Салтанат Торғаева мен Нұрбақыт Мұқамедқали еншіледі. Барлық қатысушыға қаржылай сыйлық берілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









