Ән ғұмырдың иесі
Қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілі, ақын, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Қалжан ахун ауылында әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. «Ән ғұмырдың иесі» тақырыбымен өткен тағылымды іс-шара ауылдық кітапхана мен клубтың бірлесуімен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы аясында өткізілді.Кештің алғашқы бөлімінде ауылдық кітапхана меңгерушісі Роза Тілеубергенова «Әлем BOOK» бұрышында ұйымдастырылған «Ән тербеткен ақын» атты төрт бөлімнен тұратын кітап көрмесін таныстырып, қатысушыларға ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен айтып берді. Көрмеде қаламгердің поэзиясы, ән мәтіндері, драмалық шығармалары мен өмір жолына қатысты құнды деректер ұсынылды.
Іс-шара басталмас бұрын көрермен назарына ақын өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін пролог-қойылым және бейнеролик көрсетіліп, кештің рухани мазмұнын аша түсті. Көрермен бұл көріністі ерекше ықыласпен қабылдап, зор қызығушылық танытты. Әдеби-сазды кеште аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жеңісбек Үсенұлы, орталық кітапхананың директоры Рүстембек Мыңтайұлы, ауыл әкімшілігінің бас маманы Бауыржан Жетпісбайұлы сөз алып, ақын мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталып, жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында ақын, ұстаз Самат Жұмаділ мен жас қаламгер Нұрсұлтан Сүйіндіков арнау өлеңдерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көркемсөз үйірмесінің мүшелері де ақын жырларын мәнерлеп оқып, поэзияның тереңдігін әсерлі жеткізді. Ауыл өнерпаздары орындаған «Ақ бұлақ», «Асыл арман», «Іңкәрім-ай», «Есіңе ал» әндері кештің көркін ашып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Ән мен жыр үндескен бұл кеш көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, поэзия әлеміне жетеледі.
Тағылымы мол іс-шара Бәкір Төлеуұлының рухани мұрасын ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақты өнер мен әдебиетке баулудағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Осындай игі бастамалар ұлттық руханияттың дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.
– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған әдеби-сазды кеш – жай ғана мерейтойлық іс-шара емес, ол жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды мәдени басқосу. Бәкір Тәжібаев – қазақ әдебиеті мен музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар дара тұлға. Оның шығармаларының тәрбиелік мәні мен көркемдік қуаты уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпай, қайта жаңғырып келеді. Кеш аясында арнайы әзірленген «Әлем BOOK» бұрышындағы кітап көрмесі арқылы біз көрерменге ақынның шығармашылық жолын, поэзиясын, ән мәтіндерін және драмалық еңбектерін жан-жақты таныстыруға тырыстық. Мұндай іс-шаралар оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, рухани әлемін кеңейтуге де үлкен ықпал етеді. Осындай тағылымды кештер – жас буынды өнер мен әдебиетке баулудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бірден-бір тиімді жолы. Алдағы уақытта ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың 80 жылдық мерейтойына орай «Жыр жауһарын төккен ақын» поэзия кеші өткізіледі. Осындай мазмұнды мәдени іс-шараны тұрақты түрде ұйымдастыруды мақсат етеміз, – дейді ауылдық кітапхана меңгерушісі Роза Тілеубергенова.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










