Білім саласы қызметкерлері алғысқа бөленді

Іс-шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Сіздерді Алғыс айту күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Атаулы мереке – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Бұл күні барша адамдар бір-бірімен сыйластық танытып, ризашылығын білдіреді. Ел болашағы – жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін білім ошағында қызмет етіп, мектептің материалдық-техникалық базасының нығайюы жолында, санитарлық талаптардың сақталуына жауапкершілікпен қарап келе жатқан Сіздерге мың алғыс, – деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде білім ошақтарының кіші буын қызметкерлеріне арнайы «Алғыс хат» пен бағалы сыйлық табысталды. Аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар мерекенің мән-маңызына тоқталды.
– Көктемнің алғашқы күнінде ерекше мерекеде жиналып отырмыз. Білім саласында Сіздер атқаратын жұмыстың жүгі ауыр. Біздер қай кезде де өз қызметкерлерімізді ынталандырып отырамыз. Мұндай іс-шара аудан бойынша барлық мектепте ұйымдастырылуда. Шалғайда орналасқан ұлағат ұяларында әріптестеріміз марапат төрінен көрінуде, – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы.
Мерекелік кездесуде аудандық өнер мектебіне қарасты Қоғалыкөл ауылдық филиалының мұғалімдері Бағдат Ыдырысов пен Қайрат Сәтбаев жиналғандарға әннен шашу шашты.
Айта кету керек, марапат төрінен көрінген әріптестері атынан №126 орта мектеп қызметкері Айтан Мұстафаев ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ