Сала ардагерлеріне – сый-құрмет

Мерекелік қабылдауға келген ардагер-ұстаздарды құттықтаған білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров:
– Құрметті ардагер-ұстаздар! Сіздер еліміздің болашағы мен кемел келешегі үшін талмай қызмет етіп, саналы ғұмырларыңызды бала тәрбиесіне, ауданымыздың білім саласының дамуына арнадыңыздар. Қазіргі таңда сіздер тәуелсіз еліміздің өркениетті отыз елдің қатарына қосылуы жолында қоғамдық жұмыстарға араласып, игілікті іс атқарып келесіздер. Ел болашағы – жастарды ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанға адал қызмет етуге, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарауға, жақсы күндерді еселі еңбекпен жақындатуға үйреттіңіздер. Осындай зор еңбектеріңізді бағалай отырып, айтулы мерекелеріңізбен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді бөлім басшысы.
Құрмет пен қошеметке бөленген ардақты жандардың атынан Нысанкүл Әйтенова, Шолпан Иманбаева, Әзімхан Жүнісовтер өз алғыстарын білдіріп, соңғы жылдары білім саласының жеткен жетістерінен құлағдар болып отыратындарын және әрбір жетістікке қуанатындарын айтып, ризашылықтарын жеткізді. Өз кезегінде аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы А.Есназар мереке иелерін құттықтап, сый-сияпат жасады.
Салтанатты басқосуда аудандық әуез мектебінің ұстаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Б.Жанәлі