Ет жегеннен кейін неге шәй ішуге болмайды?

Тағамтанушының айтуынша, бешбармақ немесе ет тағам – нағыз пайдасы мол диеталық тағам. Өйткені тамаққа салынатын ет, қамыр мен көкөніс – бәрі қайнатылады, қуырылмайды. Етті де таңдап жеуге болады. Майлы жегісі келмегені қаракесегінен жейді.
"Бірақ ескерер бір нәрсе бар. Әркім өзінің шамасына қарай жеу керек. Біз бұрынғы ата-бабалымыз сияқты аттың үстінде жүргеніміз жоқ. Қимыл-әрекет аз. Көбіміз көлікпен жүреміз. Сондықтан ет келгенде, мөлшермен жеңіз. Мәселен, ер адам бір отырып жегенде 200 грамм етті қорытып, пайдасын сіңіре алады. Ал әйел адамдікі 130-150 грамм ғана. Бұл дегеніміз – бірнеше кесек ет деген сөз. Ал мөлшерден көп желінген ет асқазанда қорытылмай, зиянды қалдыққа айналады", - дейді нутрициолог.
Майгүл Қайнарбаеваның айтуынша, етті жегенде қимыл-қозғалыс пен жұмыс сипатын ескерген жөн.
"Мәселен, шахтада жұмыс істейтін адам мен кеңседе отыратын адамның тағам тұтынысы жер мен көктей. Шахтер күніне 4000 ккал, ал кеңсе қызметкері 1500-1800 ккал энергия тұтынады. Мұндайда шахтерге етті көбірек жеуіне болады", - деп түсіндіреді тағамтанушы.
Тағы бір ескерер нәрсе – қай малдың етін жеп отырғанымыз. Қазақта "қойдың ет таң атқанша, сиырдың еті күн батқанша, жылқынікі төсек салып жатқанша" деп бір-ақ ауыз сөзбен айтқан.
"Бабаларымыз кешке тамақтанған кезде, міндетті түрде қымыз ішетін. Ал қымыз – нағыз катализатор. Күрделі тағамды тез қорытады. Ал бүгінде қымыз ішетін қазақ аз. Нақтырақ айтсақ, қымыз тапшы", - дейді маман.
"Ет қосылған тағаммен бірге шай ішуге болмайды. Өйткені шай құрамындағы кофеин мен танин, сүттің құрамындағы кальций қоспасы еттің пайдалы қасиеттерін ыдыратып жібереді. Шайды еттен кейін, 40 минут не 1 сағаттан кейін ішкен жөн. Оған дейін тағам сіңіп үлгереді", - деп түсіндірді Майгүл Қайнарбаева.