БЕШБАРМАҚ ПА, БЕСБАРМАҚ ПА?
Қазақтың үйге келген сыйлы қонаққа ет асатыны белгілі. Бірақ соңғы кездері қайдан шыққаны белгісіз еттің орнына бесбармақ, кей жерлерде бешбармақ деп айтылып жүр. Тіпті үлкен отырыстар мен тойларда асаба аузынан «ортаға қазақтың ұлттық тағамы – басбармақты әкеліңдер» дегенін талай естідік сіз бен біз. Білуімше, қазақта бесбармақ деген ұғым жоқ. Тіпті балабақшаға жаңа барған баланың өзі бес саусақты өз атымен атайды. Ендеше, біздің саусақтарымыз да бала кездегі жаттағанымыздай бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек пен кішкентай бөбектен тұрмай ма? Ал бесбармақ қайдан шықты?
Қазақтың ұлттық тағамдарын iздеп, ғаламторды да бiраз ақтарып көрдiк. Ғаламторда қазақтың ұлттық тағамдарына байланысты бiраз нәрселер жазылыпты. Ғаламтор сайттың пайдаланушылары көбiне жастар болғандықтан, олар ұлттық тағамды қайдан бiлсiн, әрқайсысы әртүрлi пiкiр жазады. Тiптi кейбiрi, «балбырап пiскен қазақтың бешбармағын сағындым» десе, ендi бiрi «өй, осы қазақта қайбiр ұлттық тағам бар дейсiң, айран-сүттен басқа» дегендi айтады. «Ұлттық тағам түрлерi қандай» дегеннен гөрi, «қалай жасалатынын үйретiңдер» деген дұрыс сияқты. Ендеше, қалам, қағаздарыңды дайындай берiңдер. «Бiр ғана жiлiктi екi литр суға қайнатып, арасында көбiгiн алу керек, картоп аршып саласың бiр-екi түйiр. Сосын, қамыр илеп, июi қанған кезде оқтаумен жайып, төрт бұрыштап кесесiң. Ет пен картоп пiскенде сорпаның тұзын қалпына келтiрiп жайған қамырыңды саласың. Қамыр пiскенше, екi түйiр жуа аршып, тұздық жасап қою керек. Бәрiн алып, табаққа салып, үстiне етiңдi турап, тұздығыңды құясың. Сорпасын бөлек бересiң, айран қатып. Етке қазы, май қосып та асуға болады. Бұл үйренгендерiңiз қазақтың кәдуiлгi — Бесбармағы! Астарыңыз дәмдi болсын”, — дептi тағы бiрi. Мiне, қараңыз, бәрiнiң айтатыны осы. Тек, сайттан анық ұққанымыз, бүгiнгi жастарымыздың көбiнiң көкейiнде қазақтың ұлттық тағамы ет емес, бешбармақ болып қалыптасыпты. Тағы бiр қызығы, аталмыш сайтты ашып отырсаңыз, жастардың ұлттық дүниелерге деген көзқарасын, бiлiк-бiлiмiн қарап, бiртүрлi қарныңыз ашады. Барлығының түсiнiгi естiген-бiлгенiнен аса алмаған. Осындайда үлкен ата-әжелер институттарының азайғанын бiрден байқайсыз. Егер ата-әженiң бауырында өссе, бала ұлттық дүниеден де тысқары кете алмайтын едi-ау деп ойладық. Сонымен, қазақтың ұлттық тағамы болып саналатын ет пе, әлде бесбармақ па? «Бес саусақты салып тұрып, асап жейдi» — деп, мұны өзге ұлттың өкiлдерiнiң әдейi шығарғаны ма екен. Онда неге бесбармақ емес, бес саусақ демеймiз. Өйткенi, қолыңда бес саусақ бар, ал бармақ бiреу. Ол бас бармақ. Қалған саусақтардың аты белгiлi. Ендеше елдi шатастырмай, әр тағамды өзiнiң атымен атағанымыз жөн емес пе? Еттi ет деп, қымызды-қымыз деп, қартаны-қарта дегенге не жетсiн?! Сонда келешек ұрпақта ұлттық тағамды өз атымен атауда шатаспаған болар едi.
Майя ҚОЖАБАЙ