Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас түлектермен кездесті

Жас түлектермен кездесті

Тәуелсіздік мерекесіне орай «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесті. «Тәуелсіздік: Егемен ел жастарының бақытты болашағы» тақырыбында өткен кездесуге «Jas Otan» Жастар қанатының Шаған ауылындағы белсенділері, білім ордасының жас мамандары және мектеп бітіруші түлектер қатысты.

Басқосу карантин талаптары сақ­талып, бетперде кию арқылы өткізілді. «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы А.Ибрагимұлы Тәуелсіздік мерекесінің мәні мен маңызы және Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың егемен ел тарихындағы рөлі жөнінде тың мағлұматтармен бөлісті.

– Тәуелсіздік күні мерекесі – тарихы тереңде жатқан, Қазақ елі үшін өте қастерлі мейрам. Бұл күнді ата-бабаларымыз ға­сырлар бойы армандап, аңсап, бекем бірлік пен көркем тірліктің арқасында осыдан 29 жыл бұрын қол жеткіздік. Тәуелсіздік жылдары бірігу мен құрылу, жетістікке жету мен мақсатты идеялардың жүзеге асу кезеңі болды. Әрбір жас Тәуелсіздік ұғымының терең мәнге ие екенін біліп, түйсініп, насихаттап жүруі керек. Бүгінде біз әлем елдеріне мақтанышпен айта алатын же­тістіктерге ие жасампаз елдің жастары атанып отырмыз. Бұл бақытты баянды ету – жалынды, білімді, жан-жақты жастардың еншісіндегі іс. Сондықтан әрбір жас жеке жауапкершілікті сезініп, бос уақытын тиімді істерге арнауы қажет. Сол кезде тұғырлы Тәуелсіздігіміз мәңгілік болмақ, – деді А.Ибрагимұлы.

Кездесуде ұлағатты ұстаз Салтанат Тұңғышбаева мен жас маман Мақсат Әбдіреев елімізде жастардың білім алуына, жұмыс істеуіне, түрлі салалар бойынша жарқын жетістіктерді бағындыруына барлық жағдай жасалғанын айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік мерекенің маңызы жөнінде білім ұясында түрлі форматта іс-шаралар өткізіліп жатқанын жеткізді. Өз кезегінде 11-сынып оқушылары Нұрай Әлиакбарова, Рауан Әбенов, Дильназ Бақбергенқызы, Нұржігіт Сейдалиев, Маржан Маханова Қазақстан, Тәуелсіздік, Елбасы тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-дан жоғары балл жинауға үмітті екендіктерін атап өтті.

Кездесу соңында «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлім­шесінің басшысы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында мектеп бітіруші түлектермен кездескеніне қуанышты екенін айтып, жастардың байыпты бастамаларына сәт­тілік тіледі.

Жұлдызай АНШАЕВА 
16 желтоқсан 2020 ж. 485 0