Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Jas Otan Жастар қанатының Cырдария аудандық бөлімшесінің үндеуі

Jas Otan Жастар қанатының Cырдария аудандық бөлімшесінің үндеуі

Құрметті Сырдария ауданының тұрғындары!
Қадірлі кәсіпкерлер, ерікті жастар және қоғам белсенділері!

Өздеріңіз білетіндей, елімізде таралған індеттің қаупі күн санап артып келеді. Осыған орай Jas Otan Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің атынан коронавирустық инфекциямен күресуге қолдау көрсету және дертке шалдыққан науқастарға көмек беру мақсатында Үндеу жариялағанды жөн көрдік.

Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөз бар. Бірлігі бекем, тірлігі көркем аудан тұрғындары сындарлы кезеңде ынтымақты ту етіп, ауызбіршілік танытып, игі іске жұмылады деп сенеміз. Осы ретте Jas Otan Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесі аудан кәсіпкерлері, ерікті жастар және қоғам белсенділері оттегілік балондарды толтыруға, тыныс алу аппараты мен медициналық қорғаныш құралдарын алуға көмек көрсетсе деген ұсынысын білдіреді.

Jas Otan Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің бастамасы негізінде дайындалған Үндеуді жаны жомарт азаматтар қолдайды деп сенеміз. Себебі, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген елжанды азаматтар өз ортамызда да бар. Сондықтан елдегі ахуалға бей-жай қарамайтын, өзін қоғамның патриотымын деп есептейтін азаматтарды игі бастамаға үлес қосуға шақырамыз!

Көмек көрсетемін деген азаматтар Jas Otan Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Жас Отан Сырдария», «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «jasotan_orda_syrdariya» және 8 747 227 96 35 WhatsApp нөміріне хабарласуға болады.

Құрметпен,
Jas Otan Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесі
11 шілде 2020 ж. 461 0