Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына орай ескерткіш-бюсті ашылды

Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына орай ескерткіш-бюсті ашылды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына орай ескерткіш-бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Биыл қаншама боздақты қыршынынан қиып, қаншама үйді аңыратып кеткен соғыстың аяқталғанына 75 жыл болды. Сол сұрапыл соғысқа қатысып, Кеңес Одағының Батыры атанған Нағи Ілиясовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қайраткер тұлғаның жарқын бейнесі халқының жадында мәңгілік сақталады. Ескерткіш-бюсттің ашылу салтанаты баршаңызға құтты болсын!», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Салтанатты шараға ардагерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері мен Н.Ілиясовтың баласы Ринат Ілиясов та қатысып, көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.

Нағи Ілиясов 1920 жылы Сыр топырағында дүниеге келген. 1933-1936 жылдары балалар үйінде тәрбиеленді. 1936-1939 жылдары Орталық Азия университетінің жұмысшы факультетін, Ташкент педагогикалық училищесін бітіріп, мектепте неміс және тарих пәндерінен сабақ берді.

1942 жылы қаңтарда майданға аттанып, Венгрияның Будапешт қаласын азат етуде көрсеткен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген. Будапеште оның есімімен аталатын көше бар.

1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысқан. Соғыстан кейін туған жерінде жауапты қызметтер атқарды. Атап айтсақ, аудандық партия комитетінің хатшысы, «Қазақ ССР-нің 50 жылдығы», «Қараөзек» және «Комсомол» кеңшарларының директоры, облыстық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметтерінде болды, «Жауынгер жолы» кітабының авторы.

Нағи Ілиясов 1987 жылы дүниеден өтсе де, есімі өшкен жоқ. Ұзақ жылдар өзі басқарған «Қазақстанның 50 жылдығы» ауылына есімі берілді. Бүгінде бұл елді мекен - республикадағы ең үздік және үлгілі ауылдардың бірі.

Ескерткіш-бюст батырдың атымен аталатын №9 мектеп-гимназиясы ауласында орналасқан. Авторы – жерлесіміз, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Жәркен Исмағұлов.

Айта кетейік, Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың туғанына 100 жыл толуына орай тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылып, «Батырдың үш өмірі – үш бақыты» атты кітаптың тұсауы кесілді.
06 қараша 2020 ж. 471 0