Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің сапары 5 ауылда жалғасты

Аудан әкімінің сапары 5 ауылда жалғасты

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың ауылдарға сапары Шіркейлі, Нағи Ілиясов, Шаған, Іңкәрдария және Ақжарма елді мекендерінде жалғасты. Аудан басшысы ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл активімен кездесті. Жүздесулерде аудан әкімі Жолдаудан туындаған міндеттердің іске асуына жұмыла жұмыс жасау керектігін атады.

– Қыркүйек айының алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауын жариялап, онда 11 басым бағытты атап көрсетті. Жолдауда Ел Президенті жаңа жағдайдағы экономикалық дамуға ерекше мән берген. Яғни әлемді жайлаған пандемия әлем мемлекеттерінің экономикасына кері ықпалын тигізді. Осыны ескерсек, бізге нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда, Қазақстан Президенті ел экономикасын қалыпты ұстауға және оны дамытуға нақты шараларды атап көрсетті. Бұл ретте, өндіріс өнеркәсіптерін өркендетіп, шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейту қажет. Осыған байланысты ауыл тұрғындары мемлекет қолдауларын тиімді пайдаланып, өз кәсіптерін дөңгелеткені жөн, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ аудан әкімі Жолдаудағы салаларды кешенді дамыту жоспарына тоқталып, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру жұмысы өзекті екенін жеткізді.

– Соңғы жылдары өңірімізде су тапшылығы орын алуда. Оның нақты дәлелі ретінде осы жылғы егінге су жетіспеушілік жағдайын айтуға болады. Алдағы жылдары да аймақ жұртшыдығы су тапшылығын сезінбейді деп айту қиын. Сондықтан қазір бізге ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, суды аз қажет ететін дақылдарды қолдануымыз қажет. Одан бөлек ірі шаруашылықтар тек күріш егіп қана қоймай, өндіріске бет бұруы тиіс. Сол кезде ауыл халқын жұмыспен қамтуға мол мүмкіндік туады. Оған қоса, қосалқы шаруашылықтар да өз жұмыстарын жандандырып, кооперацияға бірігуі керек. Сонда ғана олардың қазіргі нарыққа шығуға мүмкіндіктері артады, – деді аудан басшысы.

Сонымен бірге, аудан әкімі карантин талаптарын қатаң сақтап, індеттің қайта өршуіне жол бермеу керектігін айтты. Бұл ретте, елді мекен қарияларының той-томалаққа тоқтау салуға көмек көрсететініне сенім білдірді. Кездесулерде ауылдардағы ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес және шаруашылық төрағалары ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, аудан басшысының жұмысына табыс тіледі. Елді мекендерде аудан әкімі Т.Дүйсебаев әлеуметтік нысандарды аралап, жылу қазандықтарының қысқа дайындығын көрді.

Айта кету керек, аудан әкімі сапар барысында Шіркейлі ауылындағы «Мәді-Қажы» ЖШС-нің егінге орақ салу рәсіміне қатысып, егіннің мол болуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, Ақжарма ауылында «Ақжарма және К» шаруа қожалығы күріш зауытының және «Ақжарма-2» шаруа қожалығының «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында іске қосылған күріш тазалау цехының жұмысын көрді.

09 қыркүйек 2020 ж. 709 0