Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Бесарық ауылына барды

Аудан әкімі Бесарық ауылына барды

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың аудандағы алғашқы сапары Бесарық ауылынан басталды. Мұнда аудан басшысы әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл тынысымен танысты.

Елді мекендегі емхананы аралаудан бастаған аудан әкімі ауылдағы №147 орта мектеп, «Бесарық» ЖШС ғимараты, ондағы ауыл мұражайы, ауылдық мәдениет үйі, «Бөбек» балабақшасы жұмыстарын көрді. Әлеуметтік нысандарда қазіргі кезеңде сақтық шараларына мән беру керектігін атап, мемлекеттік мекемелердің жылу маусымына дайындығын пысықтады.

Мұнан кейін ауыл әкімдігінде қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, пікірлесті.

– Өздеріңізге белгілі, кешегі күннен бастап аудан әкімі қызметіне тағайындалдым. Осы қызметке кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарым Бесарық ауылында басталып отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екенін атады. Міне осы бағытта жұмысты жандандырып, өздеріңізбен бірге атқаратын боламыз. Сондықтан елде ынтымақты сақтауға атсалысып, карантин кезеңінде той-томалақты болдырмауға күш салуымыз керек, – деді аудан басшысы.

Өз кезегінде ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Әкбар Ақжігітов берекелі Бесарық ауылының өркендеуіне «Абай-Дәулет» ЖШС атсалысып келе жатқанын атады. Серіктестік ауылды гүлдендіріп, халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал етуде. Сондай-ақ қыруар қаржы салып, әлеуметтік нысандар жаңартылған. Жыл сайын шаруашылық жұмысшыларының үйлері жөндеуден өткізіліп беруде. Қоғамдық кеңес төрағасы бүгінде ауыл келбеті айшықталып, ажарланғанын ерекше атап өтті.

Бесарық елді мекеніне сапар барысында аудан әкімі «Абай-Дәулет» ЖШС жұмысымен де танысты. Одан бөлек «Бесарық» ЖШС-нің №1 өндірістік бригадасына барып, егінге орақ салу рәсіміне қатысты. Мұнда «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев серіктестік өндіретін өнімдермен таныстырды.

Егінге орақ салу рәсімінде аудан басшысы Қазақстан Президенті Жолдауда ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша басымдық бергенін атады. Оның ішінде ауылдық жерлердегі шаруашылықтарды біріктіретін кооперация жұмысын жандандыруды айтты. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік беретініне тоқталды. Сонымен қатар, аудан басшысы қазіргі таңда шаруашылықтарда еңбек ететін жұмысшыларды баспанамен қамтуда үй салуға жұмсалған шығынның 50 пайызын мемлекет субсидиялап, қайтарып беретінін жеткізді. Өз сөзінде аудан әкімі бесарықтық еңбеккерлердің мерейі тасып, қырманның астыққа толуына тілектестігін білдірді.

Егінге орақ салу рәсімінде ауыл ақсақалы Ахметжан Асатов бата беріп, лента қию рәсімі өтті.



05 қыркүйек 2020 ж. 1 076 0