Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл әкімдеріне қойылған талап

Ауыл әкімдеріне қойылған талап


ЖАҚЫНДА АУДАН ӘКІМІ Р.РҮСТЕМОВ АЙДАРЛЫ ЖӘНЕ ЖЕТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ. АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ Е.ӘЖІКЕНОВПЕН БІРГЕ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, ТҰРҒЫНДАР МЕН КЕЗДЕСТІ.
Аудан басшысы алдымен Айдарлы ауылында болды. Мұнда ауылдық емхана, №139 орта мектеп, «Нұр сәби» балабақшасы, Ғ.Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйін аралады. Елді мекенде 2014 жылы жаңа емхана пайдалануға берілді. Содан бері ауыл тұрғындары аудан орталығына жүгірмей, жергілікті емханада емделуде. Биылғы жылдың есепті мерзімінде 1807 тұрғын емханаға келіп қаралса, 41 адам ем алып шыққан. Ауыл орталығындағы мектеп жұмысымен танысқан аудан басшысы ұстаздармен тілдесті. Кездесуде аудан басшысы заманауи білім беруде мұғалімдердің үнемі ізденісте болу керектігін, қоғам талабына сай ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін атады. – Қазіргі заманда кейбір мамандықтар жойылып, жаңа мамандықтар пайда болуда. Осыдан 5 жыл бұрын қазақтың баласы игермеген 200 мамандық бар дейтін еді, бүгінде одан асып кетті. Сондықтан заманның өзгерісіне тез бейімделетін, мамандығын жылдам ауыстыратын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Осы тұста, жас ұрпақ ата-баба жолын ұмытпай, рухани болмысымызды сақтап, қазақтың мықты халық екенін түйсіну керек, – деді Р.Рүстемов. Ауылдық клуб үйінде қызметкерлермен кездескен аудан әкімі атағы шыққан «Айдарлы халық театрының» және ақ жаулықты аналардан құралған «Сұлуай» әжелер ансамблінің жетістіктерімен таныс екенін жеткізді. Мәдениет саласы жұмысын таныстырған клуб меңгерушісі А.Қалдыбаева ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у барма?» атты туындысын сахналауға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын, қойылым көрермен назарына қараша айында ұсынылатынын жеткізді. Мұнан соң аудан басшысы әкімдікте мекеме басшыларымен кездесіп, Айдарлы ауылын өркендету бағытында ауқымды жұмыс атқарылатынын тілге тиек етті. Атап айтқанда, елді мекенде суды көп қажет етпейтін дақылдар егу, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты азайту мәселелерін қозғады. Қалаға жақын орналасқан ауылдың әлеуетін көтеруге жан-жақты жұмыс жасалаты
нын жеткізді. Бірлескен іс берекеге бастайтынын айтып, ауызбірлікпен іс атқаруды тапсырды. Өз кезегінде жиналыста ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Сүйіндіков сөз сөйлеп, ауылда аяқ су мәселесі өзекті болып тұрғанын, осының шешім табуына ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Жетікөл ауылында да аудан әкімі әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Әуелі №174 орта мектепке барып, қазақ тілі мен әдебиеті, информатика, физика, химия сыныптарын көрді. Мектеп директоры Ж.Қырданов білім ошағы заманауи технологияларымен қамтылғанын атап көрсетті. Информатика сыныбында аудан басшысы ұстаздармен сұхбаттасып, оқушыларды заман талабына сай бейімдеу керектігін сөз етті. Мұнан соң ауылдық әкімдік, клуб үйі, сондай-ақ кітапхана жұмысымен танысты. Жұмыс сапары аясында аудан әкімі елде бірлік болса әрқашан тірлік тындырымды болатынын айтты. Ауыл өркендеуі үшін барлығы ынтымақпен іс атқаруы тиістігін жеткізді. – Аудан әкімі қызметіне кіріскеннен кейін ауылдық округтерді аралап, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауыл активімен кездестім. Бүгін жұмыс сапарымыз Жетікөл ауылында жалғасуда. Ауылдың тарихын, даму мүмкіндіктерін және әлеуетін білемін. Ауыл әкімдігіне қойылатын негізгі үш талап бар. Ол жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты жою және сол арқылы ішкі тұрақтылықты сақтау, – деді аудан басшысы. Аудан әкімінің алғашқы сапарында ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов елді мекеннің тыныстіршілігіне етене араласатынын айтты. Ел бірлігінің сақталуына ауыл ардагерлері ұйытқы болып, жасампаз жұмыстың басы-қасынан табылатынын атады. Өз сөзінде қоғамдық кеңес төрағасы аудан басшысының жұмысына табыс тіледі.
Е.БЕРКІНБАЕВ

21 қыркүйек 2019 ж. 783 0