Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздарға ноутбук табысталды

Ұстаздарға ноутбук табысталды

Бүгін Сырдария аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында 30 – тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күні және 1 қыркүйек білім күні мерекесіне орай «Жаңа оқу жылына – жаңа бастама» тақырыбында  қашықтан оқыту кезіңінде шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген ұстаздарды марапаттау рәсімі өткізілді.

Шара барысында Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева аудан ұстаздарын мерекемен құттықтады.

– «Білім – ырыстың» тізгіні» дегендей ұстаздар қашанда халық баласын оқытуда белсенділік танытып келеді. Әлемді жайлаған пандемия уақытында ұстаздар шәкірттеріне саналы білім бере алды. Сындарлы сәтте сағы сынбай қажырлы еңбегімен танылған мұғалімдердің еңбегі ерекше. Жылдар бойы жинаған тәжірибелері арқасында барлық қиындықты еңсеруде. Қашықтықтан білім бере отырып, бала қабілетін шыңдауда. Сіздердің құқықтарыңыз «Педагог мәртебесі» Заңында толықтай қарастырылған. Қай кезде де Заң шеңберінде біздер мұғалімдерге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Гүлнар Бабабекқызы.

Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров алдағы жаңа оқу жылына арналған дайындық барысын сөз етті.

Еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты барлық мектепте 1-4 сыныптарға кезекші сыныптар ұйымдастырылып оқытылады. Ал  жоғары сынып оқушылары қашықтан білім алады. Негізінен оқушы саны аз және интернет желісінің жиілігі төмен елді мекендердегі білім ошақтарында дәстүрлі түрде сабақ өткізіледі. Облыста осындай дәстүрлі түрде оқу жылын бастайтын 71 мектеп болса, ауданда жаңа оқу жылында 2 мектепте дәстүрлі сабақ басталады. Атап айтқанда, Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектеп пен Жетікөл ауылындағы №174 орта мектепте санитарлық талаптар сақтала отырып, сабақ процесі жүреді, – деді бөлім басшысы.

Айта кету керек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде білім берумекемелерін компьютермен қамтамасыз ету мақсатында білім қызметкерлеріне ноутбук сыйға берілді. Сонымен бірге білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар білім саласын өркендету жолында елеулі еңбегімен танылған бірқатар ұстаздарды «Құрмет громатасымен» марапаттады. Сондай-ақ білім саласы қызметкерлерінің Жастар кеңесінің қызметі жоғары бағаланды.

Жиында №135 Асқар Тоқмағамбетов атындағы  орта мектебінің «физика» пәнінің мұғалімі Жанат Есенова сөз сөйлеп, көп балалы ұстаздарға әлеуметтік көмек көрсету және жас ұстаздарды қолдау мақсатында аудандағы ілкімді істерді тілге тиек етті. Ал Шаған ауылына қарасты №37 мектеп-лицейінің мұғалімі Аида Байсалбаеваның шілде  айында тұрғын үйі отқа оранған болатын. Тәжірибелі психолог маманға Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті тарапынан көмек көрсетілді. Осыған орай Аида Мырзабекқызы жанашыр жандарға алғыс айтты.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
26 тамыз 2020 ж. 613 0