Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендік –ерекше қасиетті күн

Егемендік –ерекше қасиетті күн


Көк туын желбіреткен, Әнұранын шалықтатқан елімізді қазірде бүкіл әлем мойындайды. Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті.
Тәуелсіздік — барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні.
1991 жыл — еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы - стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.
Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін осынау мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды алдымызға қойып отыр. Ата-бабаларымыздың жүрегінде тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.
Біздің халқымыздың ата-мекенді ардақтау сезімі өте терең. Олар үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген қасиеті, ежелгі дәстүр. Бұл таным, біздің жанымызға ана сүтімен дарыған. Халқымыздың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық пікірін ойлап қарасақ, ата-бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері – елін, жерін қорғау – бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу – парыз деген ізгі мұраты екен.
Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күнінде еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Ең бастысы рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялап, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтап, әлемдік сахналарға көтеріле берейік!

А.Абдулла,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы
Заңгерлер Одағының мүшесі
21 желтоқсан 2017 ж. 1 835 0